Бала денсаулығын сақтау кез-келген мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуде және өсіп келе жатқан ағзаның қорғаныс қабілетін арттыруда иммунопрофилактика маңызды рөл атқарады. Өңірде балаларды жоспарлы вакцинациялаумен қамту және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері арасында Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде баспасөз мәслихаты өтіп, сала мамандары маңызды ақпаратпен бөлісті.
Иммунопрофилактика – екпе егу арқылы ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы арнайы иммунитетін қалыптастыру және аса қауіпті инфекциялардың қоғамда таралуына жол бермеуге бағытталған медициналық шара. Бұл – медицинада дәлелденген, балалар өмірін сақтаудың ең тиімді, ғылыми негізделген және қауіпсіз жолдарының бірі.
Екпенің мәні – ағзаны қауіпті ауруға алдын ала дайындау. Вакцина арқылы ағзаға ауру қоздырғышының мүлдем қауіпсіз бөлшегі беріледі. Иммундық жүйе оны тез арада танып, арнайы қорғаныс ақуыздарын бөледі. Осылайша бала нақты инфекцияны жұқтырған күннің өзінде ағза оған бірден тосқауыл қойып, аурудың ауыр өтуіне жол бермейді.
Вакцинация – әрбір баланың денсаулығы мен болашағына салынған ең маңызды инвестиция. Бүгінгі таңда Жетісу өңірі бойынша жалпы 24 596 бала жоспарлы екпемен қамтылып отыр, бұл пайыздық көрсеткіш бойынша 48,4%-ды құрайды. Дегенмен, облысымызда әлі де жоспарлы вакцинациямен қамтылуы тиіс 26 222 бала бар. Біз әрбір ата-ананы бала денсаулығына жоғары жауапкершілікпен қарап, негізсіз үреге бой алдырмай, екпені уақтылы алуға шақырамыз, – дейді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сымбат Кульбаева.
Вакцина алмаған балаларда жұқпалы ауру өте ауыр өтеді. Мысалы, қызылша, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, пневмококк және басқа да инфекциялар ағзаға түскенде, олар сал ауруы, өкпенің қабынуы, менингит, есту немесе көру қабілетінің толық жоғалуы сияқты ауыр мүгедектікке әкелуі мүмкін. Ал керісінше, уақтылы екпе алып отырған балаларда инфекция жұққан күннің өзінде ауруханаға жатқызу және асқыну қаупі бірнеше есе төмендейді.
Екпелер кестесі бала ағзасының ең осал әрі инфекцияға тез шалдыққыш кезеңдерін ескере отырып жасалған:
- 1-4 күндері (перзентханада): Туберкулезге қарсы (БЦЖ) және В гепатитіне (ВГВ) қарсы алғашқы егулер.
- 2 айлығында: АКДС, ИПВ, ВГВ, Хиб кешенді вакцинасы және пневмококкқа (Превенар) қарсы 1-ші доза.
- 3 айлығында: Қайта кешенді вакцинация (АКДС, ИПВ, Хиб).
- 4 айлығында: Кешенді вакцинацияның 3-ші кезеңі және пневмококкқа қарсы 2-ші доза.
- 12-15 айлығында: Қызылша, қызамық, паротитке қарсы (ҚПК); полиомиелит пен пневмококкқа қарсы ревакцинация.
- 18 айлығында: АКДС ревакцинациясы және гемофильді инфекцияға (Хиб) қарсы қайтаралау.
- 2 жаста: А гепатитіне қарсы вакцинация (6 айдан кейін 2-ші дозасы салынады).
- 6 жаста (1-сынып): ҚПК қайталама егуі және АДС-М (дифтерия, сіреспе).
- 16 жаста: АДС-М ревакцинациясы.
- 11-14 және 14-17 жастағы қыз балалар: ВПЧ (адам папилломавирусына) қарсы егулер (жыныстық өмір басталғанға дейін қорғаныс қалыптастыру үшін).
Медицина тарихында вакцинация тиімді екені бірнеше рет дәлелденген. Солардың ең бастысы – шешек ауруы. Жер бетінде жаппай вакцинациялау бағдарламасының арқасында толығымен жойылған жалғыз жұқпалы ауру – осы шешек. Табиғатта бұл инфекцияның ең соңғы жағдайы 1977 жылы тіркеліп, адамзат бұл дертті түбегейлі жеңді.
Тағы бір мысал – полиомиелит. Бұрын балаларды жаппай мүгедектікке ұшыратқан бұл қауіпті дерт бүгінде әлемнің басыми бөлігінде ауыздықталды. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірімен бірге 2002 жылдан бері «Полиомиелеттен азат ел» мәртебсін тұрақты сақтап келеді.
Мақпал Әділханқызы





