Табиғаты көркем Талғар ауданының Панфилов ауылындағы атшабарда ұлттық ат спортының «Теңге ілу» және «Жамбы ату» түрлері бойынша ересектер арасында Қазақстан Республикасының дәстүрлі чемпионаты өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы тікелей қолдау көрсеткен биылғы чемпионат ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде ұйымдастырылған.
Теңге ілуден ХV және жамбы атудан VІІ Қазақстан Республикасы чемпионатының ашылу салтанатында ҚР Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отырған ҚР чемпионатына қатысушылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне және әділ ойын өтуіне тілектестігін білдірді.
– Алматы облысының атшабары жақсы дайындықта болғандықтан мұндай бәсекелі жарыстар мен турнирлер үнемі өткізіліп келеді. Аталған чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұлттық құрама командасына алынады. Сосын бұл ересектер арасындағы жарыс болғандықтан 1, 2-орын иегерлеріне ҚР спорт шебері атағы беріледі және ұлттық құрамаға алынғаннан кейін әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан шығып, ел намысын қорғайтын байрақты бәсекелерге қатысатын болады. Сондықтан, республикалық чемпионат өз дәрежесінде өтеді деген ойдамыз, – деді ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушы Н. Байбөриев.
Шашасына шаң жұқтырмас жүйріктің жалына жармасып, бауырында ойнайтын епті де жүректі спортшылардың шеберлігін шыңдап, байрақты бәсекелерде Жетісу жерінің намысын қорғайтын ұлттық ат спортын дамытуда өңірде ауыз толтырып, көңіл көншітерлік істер қолға алынып жатқаны жөнінде облыстық дене шынықтыру басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев тілге тиек етті.
– Жетісу өңірінде есімдері елге мәлім атбегілер өте көп. Бұған жыл сайын Президент кубогі үшін ұйымдастырылатын аламан бәйгенің ықпалы зор. Көкпар, аударыспақтан Азия чемпиондары бар. Сондай-ақ, марқұм Жолан Омаровтың атымен «Жоланның жүйріктері» жалғасын табатын болады. Мұндай байрақты бәсекелердің барлығына облыс әкімі Амандық Баталовтың айрықша қолдау көрсететінін атап айту орынды. Аймақ басшысының қолдау көрсетуінің нәтижесінде енді спортшылар мен жаттықтырушылар тұрақты түрде еңбекақы алатын болады. Бұл да бұрын-соңды болмаған жетістік, – деді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ҚР Ұлттық ат спортының «Теңге ілу», «Жамбы ату» түрлері бойынша өткен чемпионатқа қатысушы спортшылар арасындағы тартысты бәсеке өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Оларды марапаттау рәсіміне арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Арман Ташметов, жаңадан құрылған Жамбы ату федерациясының президенті Нұрлан Әметов және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров қатысып, жеңімпаздарды салтанатты түрде құттықтап, кубоктар мен қаржылай сыйлықтың сертификаттарын табыс етті.
Сонымен, ересектер арасындағы ұлттық ат спорты түрлері «жамбы ату» мен «теңге ілуден» өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Түркістан облысының ат құлағында ойнайтын спортшылары 1-орынды иеленсе, Жамбыл облысының ат спортшылары 2-орынға табан тіреді. Ал жүлделі 3-орын Алматы қаласының ұлттық ат спортшыларының қанжығасына байланды.
Сондай-ақ, жамбы атудан қазақ, кәріс және түрік стильдері бойынша да жекелеген спортшыларға арнайы дипломдар табыс етілді.
Ұлбосын ИСАБЕК
Панфилов ауылы,
Талғар ауданы





