Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өз орнын сақтап қалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
WBO-ның 2026 жылғы қаңтарға арналған рейтингінде орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы көшбасшылардың алғашқы қатарында тұр. Осылайша, қазақстандық боксшы өз позициясын өзгертпеді. Ал Халықаралық бокс федерациясы (IBF) рейтингтерді әзірге жаңартқан жоқ. Бұл ұйымның соңғы тізімі 2025 жылғы желтоқсанда жарияланған.

Қазіргі деректерге сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр.

Айта кетейік, желтоқсан айында WBA белбеуінің иегері, кубалық Эрисланди Ларамен жоспарланған жекпе-жек қарсаңында Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан өткен. Талдау нәтижесінде оның қанынан 2016 жылдан бері антидопинг агенттігі тыйым салған мельдоний препараты анықталған.
Осыған байланысты үшінші чемпиондық титул үшін өтетін жекпе-жек кейінге шегерілді. Қазақстандық боксшының командасы мен Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы VADA ұйымынан екінші сынаманы ашып, қайта тексеруді сұратқан. Қайта талдау барысында да тыйым салынған заттың бар екені расталды.
Соған қарамастан, Жәнібек Әлімханұлының командасы спортшыға тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.





