«Қазгидромет» 28 тамызда Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде найзағай, бұршақ, екпінді жел мен тұман күтілсе, кей аймақтарда шаңды дауыл мен аптап ыстық болжанып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақмола облысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Күндіз кей аудандарда бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болжанған. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. Петропавлда түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі ықтимал.
Қарағанды облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Қостанай және Павлодар облыстарының жекелеген аудандарында да жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл тұруы ықтимал. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы және Жетісу облыстарында күндіз ауа температурасы +35°C-қа дейін көтеріледі. Жетісу облысының Алакөл маңында желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Сонымен қатар Ұлытау, Маңғыстау және Жамбыл облыстарының кей аудандарында жел күшейеді.
Бұдан бөлек, еліміздің бірқатар батыс, оңтүстік және орталық өңірлерінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.





