Зұлмат соғыстың зардабын көрген атам 1924 жылғы мамыр айында Көксу ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Әкесі Мыңбай мен анасы Күлсіннен туған төрт баланың бірі еді. Оның балалық шағы ел тарихындағы ең бір ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол бір қиын-қыстау жылдары анасы Күлсін әже ауылдағы жұмысшыларға даяшы болды. Қазанға 2-3 кесе арпа мен бидайды суға қайнатып, адамдарға үлестіреді екен. 1931-1932 жылдары ауыл азаматтары орталықтандыруға бейімделіп, ұжымшар құру ісіне кірісті. Үлкен істің басында атамыз Жексенбай, әкесі Мыңбай мен ағалары Қаман, Дүйсенбай да қатар жүрді. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елді ұйыстыра білді.
Атам 1939 жылы ауылдағы сегіз жылдық мектепті тамамдаған соң, ұжымшар жұмысына белсене араласты. 1941 жылы соғыс басталып, атамыздың әкесі мен екі ағасы алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. Басында хаттары үзбей келіп тұрды. Соңғы хаттарында Сталинград майданына кіргелі тұрғандарын жазған. Содан кейін үшеуінен де қара қағаз да, хабар да келмеген. Бұл сынаққа қоса, отбасындағы жалғыз қарындасының мезгілсіз қазасы да ауыр соққы болды. Ал 1942 жылы атамыз небәрі 18 жасында майдан даласына шақыртылды. Шығарып салған туыстарымыздың айтуынша, бойы кіп-кішкентай атамыз Айнабұлақ стансысында винтовка асынып тұрған кезде, мылтығы жерге тиіп тұрыпты. Бойы жетпеген жас жігітті көтеріп, пойызға мінгізіп жіберген екен. Эшелонмен Аягөзге жеткізіліп, Орта Азия әскери округіндегі оқу орталығында бір айдай дайындықтан өтіп, автоматшы болып майданға аттанады. Ол бірден Мәскеуді қорғау жолындағы қиян-кескі ұрыстардың ортасынан бір-ақ шығады. Сол күндердің бірін атамыз былай еске алып:
– Соғыста қасымнан бомба жарылып, шекемнен шарт ете қалғандай болды. Бір кезде есімді жиып қарасам, маңдайымнан аққан қан бетімді жауып кетіпті. Көз алдымда ештеңе көрінбейді. Аяғымның ұшы ғана байқалады. Бір күбірлеген дауыстар естіледі, бірақ неміс пе, орыс па ажырата алмадым. Автоматым мойнымда. Даусымды ақырын шығарып едім, жаралылар мен өліктерді жинап жүрген медбикелер екен. Мені зембілге салып әкетті. Есімді Кутаиси қаласында жинадым. Ауыр жарақат алыппын, – дейтін.
Госпитальда емделіп, жарасы жазылған соң, атамыз қайтадан майданға аттанады. Берлинге дейін жаяу соғысып барып, немістерді тізе бүктірді. Кейін Польша астанасы Варшаваны азат ету шайқастарына қатысыпты.
1945 жылы 25 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен, 4 рет жараланғанына және І топ мүгедектігіне байланысты демобилизацияланған атам қан майданда көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, II және III дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен, сондай-ақ, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «Германияны жеңгені үшін» берілген медальдармен марапатталады.
Атамыз ешқашан өзін батыр санап, ерлігін айтып мақтанған емес. Ол өте қарапайым, сабырлы адам болатын. Соғыс жайлы сұрай қалсақ, «сол бәлені еске алмай-ақ қояйықшы» деп орнынан тұрып кететін. Біз де көп сұрақ қоя бермейтінбіз. Мүмкін, жастық шағы қан майданда қалып, әкесінен, бауырларынан айырылған қасіретті күндерді қайта еске алғысы келмегені болар.
Соғыстан кейін, 1945 жылдың соңында елге оралып, 1947 жылы Сара әжемізбен шаңырақ көтереді. Алты ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, ұрпағының қызығын көрді. Шұбардағы ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, «агроном» мамандығын алып, ауылда қызмет етті. Біраз жыл ауылдық кеңес төрағасы болып, кейіннен қойма меңгерушісі ретінде де жауапкершілікпен жұмыс істеді.
Атамыз 1992 жылдың 21 ақпанында өмірден өтті. Зират басында ауыл ақсақалы, соғыс ардагері Атай Жексенбаев көзіне жас алып тұрып: «1944 жылы Одер өзенінің бойында су алуға кетіп бара жатқанымда, «Аға!» деген дауысты естідім. Қарасам, бір жігіт тұр. «Атай аға, бұл сіз бе?» дейді. Әй, сен Дүйсенбайсың ба, әлде Қамансың ба? десем, «жоқ, мен Жексенбаймын» деді. Мен соғысқа кеткенде ол 14-те еді. Құшақтасып ұзақ тұрдық. Кейін бізді екі жаққа бөліп әкетті», – деп еске алған еді.
Біз майдангердің ұрпағы ретінде Ұлы Жеңіс мерекесін асыға күтеміз. Себебі, Жеңісті жақындатқан жауынгерлердің ерлігін газетке жариялап, телеарналарда көрсеткен сайын өмірі өнегеге толы атамызды мақтанышпен еске аламыз.
Алмас МЫҢБАЕВ
немересі
Көксу ауданы





