Қазақ халқының рухани мәдениетінде дәстүрлі ән өнерінің орны ерекше. Ұлы өнеріміз ұмыт қалмасын деп, ұлттық қазынамызды болашақ ұрпаққа дәріптеп, жанашыры болып жүргендер жетерлік. Сондай жанның бірі – ұлттық әншілік мектептің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер қайраткері ҚР Халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосын еді.
Әуезді әнмен тербеген тұлға 1946 жылы 19 мамырда бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданының Қоңыр ауылындағы Ұзынбұлақ бөлімшесінде дүниеге келген. Ауыл мектебін тамамдаған соң, Алматыдағы эстрада және цирк өнері студиясында ҚАЗ ССР Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің «халық әні» класына оқуға түсті. Көмейіне ән ұялаған кейіпкеріміз 1967 жылы республикалық эстрада өнері студиясын ойдағыдай бітіріп, Мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігінің әнші-домбырашысы болып қызмет атқарған.
Қажыбек Бекбосын әншіліктің жаңа жолын ашқан өнер қайраткері. Ол Батыс Қазақстан, яғни Мұхит Мералыұлы салған ән мектебінде ҚР Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен білім алды. Оған қоса арқа әнінің, Жетісудың әншілік жолын ашты, яғни Ақан, Біржан, Естай, Кенен шығармаларын терең зерттеп, тыңдармандарына ұсынып, жоғары дәрежедегі шеберлікпен орындай білді. Қазақстанның үш тараптағы әндерін бір арнаға жинап, оны бір әншінің орындауында айтуға болатынын дәлелдеді. Ол оңай жұмыс емес екені анық. Оған табиғатынан берілген диапазоны биік, ерекше дауыс әрі әншілік мектептің ерекшелігін түсініп, қыр-сырын ашатын білім керек. Бұл ерекшеліктердің барлығы Қажыбек Бекбосынның бойында болды.
Қ. Бекбосынның табиғатына тән, құлаққа жағымды, сұлу тембрі әр тыңдаушының жүрегінен орын алады. Кең диапазонды дауысы қазақтың классикалық әндерінің барлығын орындауға мүмкіндік береді.
Табиғаттың берген дарыны мен өзінің ерен еңбегінің арқасында Қажыбек Бекбосынның әншілік репертуары халық әндері мен халық композиторлары шығармаларымен інжу-маржандарымен үздіксіз толығу үстінде.
Атақты композиторлар, Н. Тілендиев, І. Жақанов, К. Салықов, М. Егімбаевтардың ұлттық ән стилінде құрылған шығармалары да Қ. Бекбосынның репертуарына кіріп, әншінің өзіндік орындау шеберлігімен шыңдалып, халық сынынан өтіп, ризашылығына бөленді. Қ. Бекбосын өзінің 46 жылдық әншілік өнер жолында Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларында арнайы өткен өнер фестивальдары мен декадаларға ҚР Мәдениет министрінің ұйғарымымен барып, қазақ өнерінің үздік әншілік мектебін көрсетіп, ел мәртебесін көтеруге үлесін қосты. Қазақстанның аймағын гастрольдік сапармен аралап, 10 000-нан астам концерт берді. 4 үлкен күйтабақ, 2 кіші күйтабақ болып шыққан 50 ән жинағы тыңдарман көңілінен орын алған шығармалар. Қазақ радиосының алтын қорына Қ. Бекбосын орындайтын 100 ән жазылып, қазақ теледидарының алтын қорына әнші туралы түсірілген көлемі 6 сағаттық бірнеше телефильм сақтаулы.
ҚР музыка қайраткерлері қоғамының мүшесі өзінің әншілік-ұстаздық жолын 1999 жылы Алматы қыздар педагогикалық институтында «Хорды дирижерлау және вокал» кафедрасынан бастап, қазақтың дәстүрлі ән мектебін жалғастыруда нәтижелі еңбек етті. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда шәкірт тәрбиелеп, қазіргі кезде 3 шәкірті республикалық конкурстардың лауреаты. Арда өнерді ардақтаған жанның еңбегі еленіп, ҚР Президентінің жарлығымен 1992 жылы ҚР еңбек сіңірген әртісі, ал 1998 жылы Қазақстанның Халық әртісі ең жоғары атаққа ие болды. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері атанды.
2004 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қ. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор С. Пірәлиев мырзаның шақыруымен Тұран жерінде халық дәстүрі әншілік мектебін жалғастырып, шәкірттер даярлап, ұстаздық етті.
Профессор, кафедра меңгерушісі, өзінің ұстаздық-үйретуші қызметін нәтижелі атқарды. Бүгінде 6 шәкірті республикалық деңгейдегі конкурстардың лауреаты. 25 ғылыми еңбегі, «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері», «Халық композиторларының әндерінің тарихы» атты оқу құралы шықты.
Қажыбек Бекбосын – қазақтың дәстүрлі ән өнерін сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтерген көрнекті тұлға. Оның шығармашылығы ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы. Әнші, ұстаз, ғалым ретінде атқарған еңбегі қазақ өнерінің тарихында мәңгі сақталып, келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Исағали ҚЫДЫРМАНҰЛЫ,
Қоңыр ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы
Ескелді ауданы





