Белгілі тележурналист, Қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сол жылы журналистің алғашқы хабары телеэфирден берілді.
Ол «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап еңбек етіп, отандық телевизия саласының қалыптасуы мен дамуына үлес қосты. 1998 жылдан бастап «Хабар» телеарнасының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистикадағы еңбек жолы өңірлік ақпарат кеңістігінің дамуына да айрықша үлес қосты. Ол кәсіби білімі мен мол тәжірибесін жас журналистерге үйретіп, телевизия саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Қазақ журналистикасына еңбегі сіңген ардагердің жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің жадында сақталмақ.





