Жекеменшік балабақшалардың жұмысына қатысты жаңа талаптар қандай болады? Неліктен барлық мектепке дейінгі ұйымдарға бірдей талап қою әрдайым әділ бола бермейді? Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін қандай нақты қолдау шаралары қажет? Осы және өзге де өзекті мәселелер облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде талқыланды. Жиынға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі спикері – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләйлә Күленова болды.
Іс-шараға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 70-ке жуық өкілі, кәсіпкерлер, салалық қауымдастықтардың сарапшылары және кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қатысты. Кездесуде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға басымдық беріліп, комитеттің қызметі мен негізгі міндеттері таныстырылды. Сонымен бірге аудандық деңгейде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарын дамыту жөнінде ұсыныс айтылды. Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықованың айтуынша, бұл – өте өзекті мәселе. Себебі ауылдық жерлер мен аудан орталықтарындағы әйел кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу бойынша кеңес пен қолдау қажет. Сондай-ақ жиында жекеменшік балабақша басшылары күнделікті кездесетін мәселелерді де көтерді. Көп талқыланған тақырыптардың бірі – мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесі болды. Қатысушылар заңнама талаптары, медициналық кабинеттерді лицензиялау, ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу, жан басына шаққандағы қаржыландыру, сондай-ақ, жалға алынған ғимараттарды коммерциялық нысан санатына ауыстыру кезінде туындайтын құқықтық қиындықтар жөнінде сұрақтар қойды.
«Нұрай» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы Жанбота Сыдықованың айтуынша, кәсіпкерлер жаңа талаптар бойынша жұмыс істеуге дайын. Алайда бұл өзгерістер мемлекет тарапынан нақты қолдау шараларымен қатар жүруі тиіс.
– Біз лицензиялау мен заң талаптарын сақтауға қарсы емеспіз. Жекеменшік балабақшалар бұған дайын деп ойлаймын. Егер жеткілікті қаржыландыру қарастырылса, педагогтердің жалақысын көтеруге және балабақшаны одан әрі дамытуға мүмкіндік болар еді. Қазіргі таңда көптеген кәсіпкер қаржы тапшылығына, салық жүктемесінің артуына және коммуналдық шығындардың өсуіне тап болып отыр, – дейді Жанбота Сыдықова.
Қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Ләйлә Күленова заңнаманы жетілдіру барысында әртүрлі мектепке дейінгі ұйымдардың ерекшеліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті.
– Барлық балабақшаны бірдей өлшеммен бағалауға болмайды. Коттедж үйлерде орналасқан 40-60 балаға арналған шағын балабақшалардың мүмкіндігі 150-300 орынды типтік балабақшалармен бірдей емес. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да әртүрлі болуы тиіс, – дейді комитет төрайымы.
Мектепке дейінгі білім беру мәселелерінен бөлек кездесуде әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың қолданыстағы құралдары таныстырылып, комитеттің негізгі жұмыс бағыттары мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен әзірленген әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі жол картасының жүзеге асырылуы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру, білім беру бағдарламаларын дамыту және бизнесті табысты жүргізуге қажетті жаңа құзыреттерді қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ләйлә Күленованың айтуынша, осындай өңірлік кездесулер кәсіпкерлерді жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпараттандырып қана қоймай, кейін республикалық деңгейде қаралатын нақты ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу ашық пікір алмасумен аяқталды. Онда кәсіпкерлер жүйелі шешімді қажет ететін өзекті мәселелерді көтерді. Жиында айтылған ұсыныстар жинақталып, әйелдер кәсіпкерлігі мен мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру аясында әрі қарай қарастыру үшін тиісті органдарға жолданатын болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





