1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ерлердің есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Батыр аталарымның өз естеліктерінен естіген есті әңгімелерді жазу үшін қолыма қалам алдым.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте сол кездегі Алматы облысы, Бөрлітөбе ауданына қарасты «Көпбірлік» кеңшарынан соғысқа әкемнің інісі Құлабай ағам мен нағашым да кеткен. Біраз уақыт хат-хабар келіп тұрған. Соңғы хаттарында: «Бір-екі рет соғысқа кірдім. Енді қайда әкететіні белгісіз» депті. Содан кейін хабар жоқ. Қолымның жеткен жеріне дейін іздедім. Соғыс біткеннен кейін де үмітім үзілмеді. Бірақ осы екі бауырымның ерліктері жайлы деректерді еш жерден таба алмадым. «Мүлде хабарсыз кетті» деп әкем Сейтжапар, шешем Шөже екеуі жылап отыратын.
Апам үйде жалғыз қалған кезде іс машинасымен киім тігіп отырып дауыс салып, айғайлап жылайтын. «Есіл ерлерім! Қайда қалдыңдар?» деп өмірден өткенше жылап өтті, жарықтық. Артында қалған балалары, немерелері де еш дерек таппады. Көңілімізде тек Көпбірлік ауылында ардагерлерге арналған ескерткішке алтын әріппен жазылған есімдері ғана қалды. Бұған да шүкір етеміз. Амал қанша?!
1942 жылы атамыз Несіпбек Сақтағанов 18 жасында екі ағасымен соғысқа аттанады. «Бізді бірнеше ай соғысқа дайындады. Әне-міне, дегенше соғысқа кірдік. Бірінші кірген соғыста бір ротадан 7 адам тірі қалдық. Кімнің қайда қалғанын білмейміз. Бірнеше уақыттан соң жасақталып, қайта ұрысқа кірдік. Айғай, аттанды былай қойғанда жарылған бомба дауысы, мылтықтың атысын көрген біздерде зәре қалмады. Бораған оқтың іші. Бұл Минск түбіндегі бір ауыл еді. Еңбектеп келеміз. Бір уақытта бір нәрсе сарт ете қалды. Ары қарай есімде ештеңе қалған жоқ. Қанша күн, қанша уақыт өткенін де білмеймін. Көзімді ашсам шөлден өліп барам. Жан-жағым толған өлік. Қимылдасам денемді қозғалта алмаймын. Көктем уақыты. Март айының іші еді. Қисайып қан аралас ағып жатқан суды қолыммен іштім. Ары қарайғы сәт есте жоқ. Есім кірелі-шығасылы. Қаңғыр, күңгір алыстан ба, жақыннан ба дауыстар естіледі. Иттің үргенін естіп жатырмын. Тағы бір есімді жисам, ұзын бойлы әскери киім киген бір адамды көрдім. Әзербайжан ұлтынан болса керек. «Тірісің ба?» деді. Сөйлеуге тіл де жоқ. Менің тірі екенімді біліп, арқасына көтеріп алып жүрді. Үлкен бір жер астындағы үңгірге алып келді. Оянсам госпитальде жатыр екенмін. Бірнеше күннен кейін ес жинадым. Бір жылға тақау госпитальда жаттым. Аяғым жоқ. Менен туған жерім, туған-туыстарымды сұрады. «Егер сізді біреу іздесе ғана қайтасыз, әйтпесе өкіметке өткіземіз» деді. Мен ұзақ жатып, жыладым. Бір күні хат келді. Жазуын адам танымайды. Әйтеуір «Көпбірлік» деген сөзі бар. Сөйтсек, 6-сыныпта оқитын Жарқынбек інім жазған хат екен. Міне, менің елге қайтуыма осы хат себеп болды. Аман-есен елге келдім. Еңбекке араласып, балалы-шағалы болдым. Бірақ жүректегі соғыс салған жара ешқашан ұмытылмады. Бір кеңшардан кеткен ерлер бірлі-жарым ғана келдік. Барлығы көз алдымда. Еш уақытта ұмытылмайды» деп атамның соғыс даласында болған оқиғаларын өз аузынан естідік.
Жеңістің ақ таңын жақындатқан сарбаздардың жанқияр ерлігі – уақыт өткен сайын көмескіленетін жай ғана тарих емес, ол – ұлт жадында мәңгі сақталатын қасиетті аманат. Олардың от пен оқтың ортасында көрсеткен қайсарлығы, ел мен жер үшін төккен қаны мен тері бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын терең сезінуге үндейді. Сондықтан бұл ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс.
Жас ұрпақ үшін сол бір қиын-қыстау кезең – тек өткеннің сабағы ғана емес, ол – патриотизмнің, табандылықтың, елге деген адалдықтың айқын үлгісі. Батырлардың ерлігі туралы естелік жүректерде жаңғырып тұрғанда ғана болашақ ұрпақ өз елінің қадірін түсініп, оны қорғауға әрдайым дайын болады. Ұмытылмаған тарих – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан да Жеңісті жақындатқан сарбаздардың есімі мен ерлігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әр жүректе мақтаныш пен құрмет сезімін оятуы керек. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген жауапкершіліктің де көрінісі.
Шәкім СЕЙТЖАПАРҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз, еңбек ардагері
Талдықорған қаласы




