Дәрігер – сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа іздеп шарқ ұрып, азаматтардың саулығы үшін аянбай тер төгетін, ажалмен бетпе-бет келетін аяулы жан. Осындай ардақты мамандықты иеленген жандарға қандай мақтау, мадақтау айтсақ та артық болмас. Өңірдегі барлық ақ халатты абзал жанның құрметіне арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысып, денсаулық сақтау қызметкерлері мен ардагерлерін жылына бір рет келетін төл мерекесімен құттықтады.
Облыс халқының денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосып жүрген дәрігер қауымына ыстық лебізін білдірген облыс әкіміМемлекет басшысының денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлетіндігін айта келіп, бұл бағытта атқарылып жатқан ілкімді істерді тілге тиек етті.
– Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан аймақтаденсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Облыс құрылғалы 149 жаңа медициналық нысан салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 59 нысан бой көтеріп, 13 нысан күрделі жөндеуден өтті. Осылайша өңірдегібарлық медицина нысанының 63,8%-ы жаңарды. Жаңа нысанның барлығы ауылдық елді мекенде тұрғызылды. Панфилов, Кербұлақ, Ақсу орталық аудандық ауруханалары, Талдықорған қаласындағы облыстық балалар ауруханасы жаңарып, биыл қолданысқа беріледі. Облыс орталығында 500 адамға арналған жаңа емхана жыл соңына дейін ашылады. Өткен жылы 165 медициналық техника мен 29санитарлық автокөлік сатып алынды. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті, – деген аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, жас мамандарды жұмысқа тарту жоспары да ойдағыдай атқарылуда. 2024-2025 жылдары облысқа 153 маман келіп, оларға 5 және 10 млн. теңгеден бір реттік көтерме ақы беру тәжірибесі республика бойынша алғаш рет Жетісуда басталды. Оның 57-сі ауылдық жерлерде, 96-сы қалада жұмыс істейді. Сондай-ақ облыс бойынша 47 медицина маманына қызметтік пәтер берілді.
Облыстық денсаулық сақтау жүйесінде 8 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде. Олардың әрқайсысы халық денсаулығын сақтауға, ал кей жағдайда адам өмірін арашалап қалуға өз үлесін қосып келеді. Медицина саласы үшін мамандарымыздың біліктілігін арттыру аса маңызды. Осы мақсатта дәрігерлер Түркия, Германия, Ресей секілді елдердің алдыңғы қатарлы клиникаларында қайта даярлаудан өтіп, тәжірибе алмасып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруде. Сонымен қатар, өткен жылы облыстық көпсалалы клиника алғаш рет Оңтүстік Қазақстан медицина академиясымен және Қазақстан медицина университетімен бірлескен оқу-ғылыми-өндірістік базаны қалыптастыру мақсатында меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде дәрігерлер күрделі оталарды сәтті жүргізіп, инновациялар мен жаңа әдістерді белсенді енгізуде. Бұл өз кезегінде ауруларды диагностикалау мен емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
– Тәжірибелі дәрігер ретінде күнделікті медициналық қызметпен қатар, медицина ғылымын дамытуға да зор үлес қосып жүрген мамандар да жоқ емес. Аймақта медицина саласына қызмет етіп келе жатқан дәрігерлер әулеттері аз емес. Осындай сабақтастық кәсіби дәстүрлерді сақтап қана қоймай, адам өміріне араша болуды өмірлік мұрат еткен жаңа буын мамандарды тәрбиелеуге жол ашады. Солардың қатарында Қаратал ауданындағы Қайынбаевтар әулетін ерекше атауға толық негіз бар. Бұл отбасында ерлі-зайыптылар, олардың ұлы мен келіні дәрігер болып қызмет атқарады. Ал Көксу ауданындағы Теңізбаевтар әулеті де көпке үлгі. Әулетте ерлі-зайыптылар мен олардың ұлы медицина саласында еңбек етеді. Талдықорған қаласындағы Жанабековтер отбасы да халық денсаулығын қорғау жолында қызмет етіп келеді. Ұрпақ сабақтастығы үзілмей, жемісті еңбек етулеріңіз үшін барлық жағдайды қарастырамыз. Ақ халатты абзал жандардан жоғары кәсібилік, жауапкершілік, адамгершілік, жанашырлық және мамандыққа деген адалдықты күтеміз, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Салтанатты жиында облыс әкімі үлгілі қызметі үшін көпсалалы балалар ауруханасы директорының орынбасары Вадим Турускинге «Құрмет» орденін, облыстық кардиология орталығының бөлім меңгерушісі Хусан Исмановқа «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті. Ал «Үздік» деп танылған медицина қызметкерлеріне 2, 1 миллион ақшалай сыйлық тапсырылды. Сондай-ақ жылдың үздік мамандары арнайы дипломмен және ақшалай сыйлық сертификатымен марапатталды. Мәселен, облыстық көп салалы клиникасының онколог дәрігері Александр Кляцко «Үздік стационар дәрігері», Ескелді аудандық орталық ауруханасының провизоры Дариға Серікқали «Үздік провизор», облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Өмірзақ Ниязбеков «Үздік денсаулық сақтау менеджері», Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Салтанат Садуақасова «Үздік медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігері», Сарқан аудандық орталық ауруханасынан Мадияр Байғалиев «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық бейін дәрігері», Көксу аудандық орталық ауруханасынан Жаннат Даркенбаева «Үздік акушер» атанды.
Сол сияқты Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының мейіргері Ерке Чакуқызы, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Айдана Сейітханова, Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының мейіргері Талшын Иғиса, Ақсу аудандық орталық ауруханасының фельдшері Дәурен Оралтайұлы да номинация жеңімпаздары болды.
Жыл құсындай сағындырып келетін мерекеде Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары да қуаныш иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Вадим ТУРУСКИН, көпсалалы балалар ауруханасы директорының орынбасары:
– Дәрігерлердің еңбегі ерен. Біздің мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Командамен жұмыс істегенде ғана еңбектің жемісін көруге болады. Өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, өзгені аман алып қалу үшін дәрігер қолынан келген барлық жағдайды жасауға тырысады. Осындай қиын, жауапты қызметте жүрген баршаәріптесіме ең әуелі мықты денсаулық тілеймін. Біз кәсіби шеберлікпен, адалдықтың ақ туын аттамай елге қызмет етуге үнемі дайынбыз.
Ербол АЛМАҒАМБЕТОВ, жалпы тәжірибелік дәрігер:
– Шымкент қаласынан отбасыммен көшіп келдік. Өзім Қаратал ауданы Кәлпе ауылында, ал зайыбым Ескелді ауылында қызмет етеміз. Жас маман ретінде облыс әкімінің қамқорлығын біз де көрдік. Бір реттік көтерме қаржы алдық. Тегін баспанамен де қамтылдық. Барлық жағдайымыз жасалған. Ел ағаларына алғыстан басқа айтарым жоқ. Барша медицина қызметкерлерін мерекесімен құттықтаймын. Халыққа адал қызмет етіп, көптің алғысына бөленіп жүре беріңіздер дегім келеді.
Еңлік КЕНЕБАЙ







