Талдықорғандағы Тіл сарайы ғимаратында Спорт күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен КӨЛБАЕВ қатысып, спорт қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Басқосуда өңірдегі спортты дамытуға біркісідей атсалысып жүрген спортшылар мен жаттықтырушылар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен әрі Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, мерекеде мерейленген бірнеше азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және «Құрметті спорт ардагері» төсбелгісіне ие болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз Жолдауында ұлт саулығын нығайту, спорт нысандарының балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету шараларына еркеше назар аударуды тапсырды. Соған дәлел ретінде республикалық және халықаралық жарыстарда елдің мәртебесін көтеріп, абыройын арттырып жүрген жастарымыз да аз емес. Осы орайда сіздерді бүгінгі Спорт күні кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор байлық, мол бақыт, спортта биік табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін, – деп облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев барша спорт қызметкерлерін құттықтады.
Айта кетейік, облыста дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 1046 бірлік спорттық құрылымдар бар. Бұл ретте өңірімізде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр.
Қазіргі таңда шаһарда 865 дене шынықтыру және спорт ұжымы болса, онда 273 669 адам спортпен шұғылданады. Бұл облыс халқының 39,2 пайызын құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш жоғарылайды деген үміт бар.
Жыл басынан бері Жетісу облысының спортшылары барлық деңгейлі жарыстарда 966 медаль (393 алтын, 264 күміс, 309 қола) жеңіп алды.
Айшықты шара соңында мерейленіп марапатталған спорт ардагерлері сөз сөйлеп, өз алғыстарын білдірді.
Айғаным ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ