Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің барлық аймақтарындағы медициналық мекемелерге ұйымдық-әдістемелік көмек көрсету және медицина саласын модернизациялау мақсатында семинар өткізу керектігін айтқан болатын. Осы орайда облысымызға Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззәт Ақтаева келді.
Вице-министрдің басшылық етуімен жұмыс тобы Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада дәрігерлерге семинар өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ қатысты. Семинарда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мүшелері, фармация комитеті, бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары екі күн бойы модернизациялау жүйесінің негізгі бағыттары жайында дәріс алды.
Вице-министр алдағы уақытта «Денсаулық сақтау саласын модернизациялау» жобасының іске асатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 базалық жоба жоспарланғанын айтты. ҚР Үкіметінің «Денсаулық сақтау саласын модернизациялау» жобасының аясында алты бастама қолға алынды. Біріншісі, 2019 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу. Екінші, жекеменшік медициналық мекемелермен бәсекелестікті нығайту. Келесі, денсаулық саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек нарығын, медициналық туризм мен импортты алмастыру және әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықты азайту. Ләззәт Ақтаева семинарға қатысушыларға бастаманы іске асырудың жолдарын үйретті. Бәсекелестік пен жекеменшік медициналық мекемелерді дамыту бастамасы аясында барлық аймақта жоспар құрылды. Республика бойынша медицина саласына инвестиция тарту көлемі 2018 жылдың қаңтар – сәуір айларында 18,8 млрд. теңгені құраса, жеке инвестиция көлемі 69,8 пайызға жеткен. Денсаулық сақтау саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру бастамасы бойынша «Медициналық құжаттарды қағаздан арылту» пилоттық жобасы 202 медициналық мекемеге енгізілді. Облыс медицинасы әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықтарды азайту бастамасын ары қарай жүзеге асыруға күш салуда. Осы орайда елімізде арнайы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы құрылды. Сонымен қатар, онкологиялық аурулармен жүйелі түрде күресу үшін 2018 – 2022 жылдарға арналған кешенді жоспар дайындалды. Концепцияның жобасы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмекке барынша назар аударылады.
Семинарда Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззәт Ақтаева медицина саласында түпкілікті өзгертулер енгізіліп жатқанын нақты мысалдар арқылы айтып өтті. «Денсаулық сақтау жүйесін модернизациялау» жобасын іске асыру үшін аймақ мамандарына мақсат-міндеттер жүктелді. Бұл орайда 6 негізгі және 6 қосымша бастама күн тәртібіне енгізілді. Семинар барысында емделушінің медициналық қажеттілігін айқындайтын дерекқор, алғашқы медициналық көмекті дамыту, мекемеге инвестиция тарту, электронды денсаулық сақтау жүйесі мен дәрі-дәрмек нарығын дамыту, медицина ғылымы мен білімін жаңғырту, денсаулық саласына ұжымдық басқаруды енгізу, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру мен аймақтық қарым-қатынасты дамыту сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Семинар денсаулық саласының халыққа толыққанды қызмет көрсетуіне негізделді. Жүйе түпкілікті модернизацияланғанда медицина саласы дамып, тұрғындар дәрігерлердің көмегін жан-жақты алады деген сенім бар.
Гүлжан ТҰРСЫН.




