«Жаркент-Арасан» шипажайы туралы мақалама «Жері жұмақ» деген тақырып қоюымның өзіндік себебі бар. Шынында Құдай жалғыз алтын бесігіміз – жұмыр Жер планетасының талай пұшпағын жұмаққа бергісіз етіп жаратқан. «Жаркент-Арасан» санаторийінің орналасқан жерін де жұмаққа теңесек жаңылыспаймыз. Аспанмен таласқан, тым биікте емес, аласа да емес, «қыздың жиған жүгіндей тіркескен таулар». Кіреберіс жағы ашық, үш жағын бірдей қоршаған таулар тым биік те аласа, жатаған да емес. Ұзынша алаңқай. Төр жақ іргесін арқырап орай, гүрілдеп ағып жатқан Бурақожыр өзені. Моншақтай мөлдір суының сылдыры жаныңды жадыратып, жүйкеңді тыныштандырады. Саф таза ауа озонға қаныққан.
Балғын шалғыны бой жасырардай тау шатқалында неше түрлі көкжал ағаш, бұталар, мәңгі жасыл қарағай өскен. Бойы 10-15 метрлік зәулім сұлу шыршалар. Ақ, сары, алқызыл гүлдер. Міне, ұзын тал-терек, айнала желек ортасындағы бір-бірін қуалай салынған 5 қабатты бас ғимаратты былай қойғанда 2 қабатты, бірінші, екінші, үшінші жайлы да әдемі корпустар жұмақ жайларындай көрінеді. Бас ғимарат пен бірінші және екінші корпус ортасында орналасқан емдік-сауықтыру орындары. Жазғы спорт алаңы. Спорттық жаттығу залы. 350 адам бір мезгілде тамақ ішетін асханадан кешкі сағат тоғызда сіміретін дәмді айранды қоссақ, 5 мезгіл ауқаттана аласыз. Бесінде ішетін шырынды сусын, тәтті дәмдер өз алдына бөлек. Тікелей таңертеңгі, түскі, кешкі аста түшпара, манты, лағман, котлет, палау, қазақы ет тағамдары, салаттар мен түрлі сорпалар құнарлы да жұғымды. Қара шай мен сүт қосылған шайды айтпағанда көк шай, қаласаң кофе де дайын.
Қалай десек те ас – адамның арқауы. Мұны арнайы айтып жатуымыз да бекер емес. Десек те ең бастысы – «Жаркент-Арасан» шипажайының жері – жұмақ. Дөңгеленіп қоршаған сұлу таулар, ерекше есімді өзен, таза су, саф ауа. Қасиетті кітаптар куәлік ететін жұмағың да осындай-ақ болған шығар.
Айтпақшы, тағы да ғажап ризық бар. Ол тұла бойыңмен түйсініп түсуге жарайтын қасиетті радонды қайнар. Адам ағзасына қажетті неше түрлі химиялық элементтер лайықты мөлшерде қосылған бұлақ. Дұрысын айтсақ, қуат. Ең дұрысы – радиактивті альфа сәулесіне қаныққан – шуақ. Ыстықтығы 38,5 градус су – сәуле – шуақ. Медициналық тұрғыдан байыптағанда, қасиетті Жаркент жерінің осы бір таулы тұсында табиғаттың өзі сан алуан дертке – адам денсаулығының нұқсан-ақауларына дауа керемет қоспалы су-шипаны өзі дайындап қойғандай. Асылы, уран кені, оның жойқын қуаты күні кеше ашылғанмен біздің бабаларымыз оның Ұлы Даламыз өзі екшеп-мөлшерлеген пайдалы қасиетін ежелден танып білгені анық.
«Барлық арасан», «Мерке арасан», «Қапал арасан», «Қу арасан», т.с.с. Ғажабы – арасан аталған өңірлер қойнауында – уран кені бар, бетінде ыстық шипалы, яғни арасан суы бар. Осы себептен де осы жерге аурухана салынбай тұрып-ақ қазақтар ыстық суға келіп түсіп жүрген.
Бұл шипалы ыстық суы бар мекеннің бұрынғы аты – «Қу арасан». Неге? Өйткені мына «Бұрақожыр» аталған ежелгі тау өзені Қу деп те аталған. Себебі – ол өзі басып өтетін жерлер жатысына байланысты болар, алуан бұралаңдар жасап, тура келе жатқан жолыңнан жоғалып кетіп біраз көзкөрініс, дауыс жетер жерден кейін алдыңнан қайта шығып, Іле өзеніне барып құяды. Қу. Адамды кейде алдап та кетеді. Бұған бақсақ, қазақтың тау-тас, жер-суға керемет ат қойғыш екеніне де таңдануға тура келеді.
Атақты шипажай іргетасының қазығы 1961 жылдың 1 қаңтарында қағылған. Колхозаралық санаторий салуға шешім қабылданып, 1967 жылы бұл емдік-сауықтыру кешені жазда салтанатты түрде ашылады. Алғашқы емделушілер қатарында әйгілі әншілер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова болыпты. Кейінгі келушілер арасынан мәшһүр әнші Нұрғали Нүсіпжановты, танымал ақын-жазушыларды кездестірер едік. 1982 жылға дейін тұрақты жұмыс істеген 150 орынды шипажай күллі Кеңес одағында орын алған тоқырау дағдарысқа байланысты шаруасы шалқайып, кері кетеді. Бертін келе қаржыландыру тоқтайды.
2004 жыл – «Жаркен-Арасан» шипажайы ғұмырындағы бетбұрыс, оң өзгеріс басталған жыл. Осы жылы оны жас кәсіпкер Жаркент өңірінің өз тумасы, әр теңгенің құнын білетін, өз басы жемісті еңбек етіп қана қоймай, өзгелерге де еңбек еткізе білетін азамат – Серік Ақсубаев сатып алады. Жастайынан қиындықпен беттесіп, еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін біліп өскендіктен де жауапкершілік пен жүрек жылуы басқаларға жетуін қалаған кәсіпкер елге қызмет етіп, жетіп жатса халықпен бөлісуді ниет, мұрат тұтады. Міне, жылына 700 000-1000 000 адамға мінсіз қызмет көрсетіп, түгелге жуық білікті, шипалы ем алып, үйлеріне сергіп, демалып, сауығып қайтуына ықпал ету санаторий атының әлемге жайылуына әсер етеді. Осыншама адамды жылы қарсы алып қабылдап, жайлы орындарға жайғастырып, үш мезгіл құнарлы ас ұсынып, барлығы бес мезгіл дәм татқызып, неше түрлі 38 градустық радон ваннасына түсіру, қызуы дене температурасынан жоғары емдік балшықпен құндақтау, белге магнит қою, шарко, парафин, циркулярлық бұрқақ, құлақ, мұрын, тамақ емдері, массаж, т.с.с, емдерді жасау үшін қаншама дәрігер, медбике, маман қызметкер керек?! Әрбір 10-15 минут сайын шипалы сулы ванна ауыстырып, күн сайын дерлік 300-350 адам ем қабылдайтынын есептегенде бір ғана осы қызмет кезінде жүздеген тонна шипалы су ауыстырып, ванналар тазартылып, ең кемі 40-50 адам күш-қуаты жұмсалатынын ескерсек, бұл жерде қаншама дәрігерлер мен медбикелердің оң ниет-ықпалы, шын жанашырлық көзқарас-пейілі мен жан-жүрек мейірі жұмсалып жатқан жоқ па?!
Шипажайдың үлкен ұжымының қызметі негізгі нәтижесі мен жемісі – жұмыр Жер бетінде сыңары жоқ Жаркент арасан радонды бұлағының науқас адам ағзасына аса қажет дәру элементтерін қабылдатқызып, нұрлы сәулесін сіңірген адамдардың жүрек шуағы емес пе? Өйткені ас иесінің пейілімен, дәмді пісіру үшін жұмсаған жан-жүрек мейірімен қалай тәтті болса, демалушыларға берілген ем де нұрлы сәулелі радон бұлағына қоса сол қызметті қалтқысыз көрсетуші жігіттер мен қыз-келіншектердің жылы жүрек шуағына соншалықты тәуелді.
Бұған өз басымнан-ақ мысал-дәлел келтірейін. Жуырдағы 14 күндік ем алуды қосқанда осымен «Жаркент-Арасанға» екінші рет келуім. Алғашында шипажайдың тұрған жері, табиғаты таңғалдырды. Екінші жолы радонды судың шынайы қасиеті, ваннада магнит емін беруші, түрлі бұрқақ сумен массаж жасаушы медбибі қыздардың шын ынталы қызметтері тәнті етті.
Былтыр келгенде бас дәрігер Карл Ыдырысовпен танысқанмын. Сұңғақ та сергек дәрігердің «84-темін» дегеніне, тұғырдан түспей, әлі нық сапта екеніне зорға сенгенмін. «Шын дәрігер, міне, осындай» болуы керек. Алматыдағы мединститутты бітірген жас терапевт маман жолдамамен Көктал ауруханасына келеді. Бір жыл толар-толмаста оны аудан басшылығы 1961 жылы жаңадан құрылып жатқан санаторийға жібереді. Қайран қалатының – Ыдырысов содан бері осында. «Сында да бірге, тыңда да бірге, шыңда да бірге» дегендей, «Жаркент-Арасан» шипажайы дегеніміз – Карл Кәкімжанұлы. Таңданарлық та ғибратты, ғанибетті өмір жолы. «Жаркент-Арасан» емдік-сауықтыру кешенінің қиын-қысталаң замандарда да құрдымға кетпей сақталуына, бүгінгі биік берекелі деңгейге жетуіне оның үлесі көп, еңбегі мол екені даусыз. Кішіпейіл ұлық кісінің бір емдеуін – алтын ине салып жатқанын осы жолы көрдім. Анау-мынау маман дәрігер де мұндай шеберлікке ие еместігін ескерсек, Карл Кәкімжанұлы қазір де бабында, дер шағында. Мен шипажай шежіресіне қатысты көп деректі осы кісінің айтқанынан келтіріп отырмын.
Алматыдан жеңіл көлікпен жеткен соң қабылдау бөліміне тіркеліп, 3-ші корпусқа орналастым. «Көрген жерде ем бар», таныс ғимаратқа кіріп, бас дәрігер белгілеген ем түрлерін қабылдауға кірістім. Ең бірінші – магнитті қабылдадым. Әрине, тұңғыш ізет-ықпалын көрсетуші адаммен танысқан жөн.
– Есімің кім, қалқам?..
– Настя!
Көзім жақсы көрмегендіктен «орыс қызы ма?» деп қалсам, қасындағы құрбысы Аяулым, оның анасы – қазақ, әкесі орыс екенін түсіндірді. Жақсыда жаттық жоқ. Қазақ тілінде мүлтіксіз сөйлейтінін естіген адам оны өзге ұлт өкілі деп ойламайды. Елдігіміздің жақсы бір нышаны. Жас аққұба сұлуды, осындай жас көрікті қыздарды еліміздің ертеңі деп білсек қателеспейміз.
Жалпы, Жетісу облысының Жаркент өңірінде кілең көрікті қыз-келіншектер тұратын секілді. Өйткені жері сұлу елдің ерлері ерен, әйел-қыздары берен болуы – өмірдің заңдылығы шығар?! Көбіне Жаркент кентінен, Әулиеағаш, Көктал ауылдарынан келіп жұмыс істейтін Аяулым, Айару, Арайлым, Жарқынай секілді әсем есімді қыздардың еңбектері еселі, ниет-тілектері ақ, жан-жүректері шуақты. Мұндай жайнаған қыздары, жас азаматтары бар Қазақ елінің келешегі кемел, жарқын екеніне сенесің. Солардың арқасында шипалы альфа сәулесі қаныңа, жаныңа тарап, дерт-деменді клеткаларын өлтіріп, сауыға бастаған соң жыр шумағының ақ қағазға түсіп жатуы табиғи құбылыс тәрізденеді:
Бас қосқан ба кілең сұлу жиылып,
Иба-иманы бір-бірінен өтеді.
Олар келсе – аппақ сәуле құйылып,
Мүкіс көзім көріңкіреп кетеді.
Аға берсін арасанның бұлағы,
Өсе түссін денсаулықтың құрағы.
Ең басты дем – болса мықты диагноз,
Ең басты ем – жүректердің шуағы.
«Жаркент-Арасан» шипажайының басты емдік-сауықтыру бағыттарын 4 топқа жіктеуге болады. Біріншісі – күллі адам ағзасына қан таратып, өмір сүруді қамтамасыз ететін жүрек ауруларының алдын алу. Атап айтқанда жүрек бұлшық еті әлсіреуіне кедергі жасап, жиі ұшырасатын жүрек қыспасын (стенокардия) тоқтату. Қалпына келген жүректің қалған дене мүшелері жұмысын жақсартатыны өз-өзінен түсінікті.
Екінші. Жүйке ауруларын кідіртіп, сауықтыру.
Үшінші. Соңғы уақытта желке тартып, аяқ-қол буындарға тұз жиналып, қатты ауыруы халықта жаппай дерлік кездесетін дерттерге айналса, радон суы, міне, осылардың да бетін қайтарады.
Төртінші. Денеге түрлі жара шықса, соларды жазып, қант диабеті зардабын төмендетеді, ас қорыту процессін жеңілдетеді.
Бұдан бөлек, апат, жарақаттардан кейінгі адам ағзасы мүшелері жұмысын қалпына келтіруге көмектесіп, әйелдердің гинекологиялық, ерлердің урологиялық дерт-демендерін де әлсіретіп, сауығуына көп септігін тигізеді.
Бұл айтылғандарға бас дәрігер бірнеше нақты мысал келтіргені өз алдына, шипажайда демалған екі жылдың көлемінде бірнеше оң өзгерісті өз көзіммен көрдім. Соның бір-екеуін алға тартсам, былтыр Атыраудан келіп демалған С. деген келіншек жуырда перзентті болғанын қуана хабарлады. Рас, ол кейінгі 3 жылда үзбей келіп ем алыпты. Одан бөлек, былтыр қарағандылық Қанат Нұрмағамбет деген орта жастағы азамат өрт сөндіруші болып жұмыс істеп жүріп апатқа ұшыраған, зақым алған аяқ-қолы бірнеше күн ем алған соң жақсы икемге келгенін таңдана айтты.
– Міне, қараңызшы, Бақыт аға! Қарысып қалған оң қолым бетіме жетпейтін. Міне, қазір емін-еркін бетімді оң қолыммен жуып тұрмын.
Дау жоқ, бұл – «Жаркент-Арасанның» радонды ыстық суы мен Іле жағасындағы «Құндызды» көлшігінен арнайы әкелінген шипалы балшықтың құдіреті!
Ұзын сөздің қысқасы, жоғарыда айтылған жағдайлар, ортаға тартылған шырайлы шындықтардан кейін қандай тұжырым-тағылымдар түйіндеп, нендей негізгі қорытындылар жасауға болады? Жалпақ жазирамыз, ана шетінен мына шетінен ұшқанда құс қанаты талатын байтақ жеріміз қаншама кең, қазынаға ен болса да онда «Жаркент-Арасан» жеріндей жұмақ мекендер онша көп емес. Оның үстіне мұндағы аса шипалы арасан – радонды ыстық сулы бұлақпен Германиядағы атақты Баден-Баден, Ресейдің Алтайындағы Белокуриха болмаса, жұмыр Жер жүзіндегі басқа бірде-бір санаторий таласа алмайды. Ендеше, осынау Жиделі байсын жеріміздің, айрықша шипажайымыздың қасиетін жан-жақты өзіміз алдымен танып, қала берді, өзгелерге, шет жұрттарға таныту – бәрімізге парыз болса керек.
Осынау мақаламда жері – шынайы жұмақ, емі – шипалы бұлақ, елі – жүрегі шуақ «Жаркент-Арасан» 2023 жылы еліміздегі шипажайлар арасынан дара озып «Алтын сапа» белгісін алуы сапалы, қызметі жоғары, пейілі ерек жандардың еңбегінің жанғанына куә. Ендеше, шипа іздеген жанның денесіне қуат, тәніне дәру болған арасанның аты аспандай берсін!
Бақыт Сарбалаұлы,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері





