Жетісу облысында жүктеп тексеру сапасын арттыру және ана мен нәресте саулығын қорғау бағытында кешенді мониторинг жүргізіліп, арнайы жиын өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ана мен бала денсаулығын сақтау – кез келген аймақтың әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын басты көрсеткіш. Қазіргі таңда медициналық қызметтің қолжетімділігін камтамасыз етумен қатар, көрсетілетін көмектің сапасын заман талабына сай арттыру ерекше маңызға ие. Ауылдық жерлердегі және аудандық денсаулық сақтау мекемелерінде заманауи диагностикалау тәсілдерін енгізу, білікті кадрлар әлеуетін көтеру арқылы қауіп-қатерлердің алдын алуға болады. Мұндай сараптамалық шаралар өңірлік медицинаның жүйелі дамуына тікелей ықпал етеді.
Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың төрағалығымен Акушерлік және бала денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Шара барысында арнайы сарапшылар тобының Жетісу облысындағы 19 медициналық ұйымды аралау нәтижелері жан-жақты сараланды. Мониторинг барысында жүкті әйелдерге, босанатын аналар мен сәбилерге көрсетілетін емдеу-диагностикалық шаралардың сапасы тексерілді.
Жұмыс тобы құрамында Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Universal Medical Center, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының жетекші мамандары, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларындағы беделді медициналық жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары болды. Білікті сарапшылар жергілікті дәрігерлерге әдістемелік әрі практикалық қолдау көрсетті. Сапар аясында 2 арнайы семинар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, күрделі жағдайдағы пациенттерге консультациялар берілді.
Акушерия, педиатрия, реаниматология және эпидемиология бағыттары бойынша медициналық мекемелердің дайындығы таразыланды. Әсіресе, перзентханалар мен балалар бөлімшелеріндегі инфекциялық бақылау, жаңа туған нәрестелерді қайта жандандыру (реанимация) жүйесі және балаларды ерте дамыту жобаларын енгізу барысына басымдық берілді. Жиынды қорытындылаған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірдегі емдеу орындарының материалық-техникалық базасын жаңарту, білікті мамандарды тартып, ана мен балаға көрсетілетін көмекті жаңа деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыс жалғасатынын білдірді.





