Өңірде намазхана ашуға ниетті азаматтар мен мекемелер белгілі шарттарды орындауы тиіс. Әуелі уәкілетті органнан рұқсат алу қажет. Рұқсатты Жетісу облысының дін істері басқармасы діни объектіні заң аясында ашу және оның қызметін реттеу мақсатында береді. Мұнан соң намазхана ашатын ғимарат талапқа сай болғаны абзал. Намазхана ретінде пайдаланылатын үй-жайдың жалпы ауданы кемінде 20 шаршы метр, бірақ 100 шаршы метрден аспауы тиіс. Бұл талап намазхана ішіндегі адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін қойылады.
Үшіншіден, санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Намазхана дәрет алу мүмкіндігі бар санитарлық тораппен (дәретхана және жуынатын орын) қамтамасыз етілуі қажет. Сонымен қатар, нысанның санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы ҚР қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сай болуы тиіс. Сонымен қатар, қауіпсіздік ескерілгені жөн. Намазхана бейнебақылау жүйесімен жабдықталуы міндетті.
Мына жайды ескерген абзал, ҚР заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарының, сондай-ақ, Қарулы Күштер, басқа да әскери құрылымдар мен құқық қорғау органдарының аумағында намазхана ашуға тыйым салынады. Бұл шектеу діни қызмет пен мемлекеттік қызметтердің аражігін айқындау және діни бейтараптықты сақтау мақсатында енгізілген. Егер намазхана заң талаптарын бұза отырып ашылса немесе тыйым салынған жерде ұйымдастырылса, онда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 1-тармағына сәйкес келесі жазалар қолданылады:
- ескерту жасау немесе жеке тұлғаларға 25 айлық есептік көрсеткіш;
- заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Ақылбек ДАУЛЕТБЕКҰЛЫ,
«Жетісу облысының дін істері басқармасы» ММ «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы»
КММ талдау және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің маман-теологы