Жасыратыны жоқ, туристік аймақтардағы жол, су, жарық, сарқынды су шығаратын құрылғылардың нашарлығы демалушылардың мазасын қашырады. Соның салдарынан кәсіпкерлер бизнесін заман талабына сай реттей алмай қиналып келеді. Генератор немесе күн энергиясынан ток өндіргенімен жылтыраған жарық демалушының еңсесін түсіріп, кәсіпкердің адымын аштырмайды. Демалыс орталықтарына тұщы суды көліктеп тасудың да азабын арқалап жүргендер бар. Бұл Балқаш көлінің жағалауындағы демалыс орындарында да орын алған жағдай. Енді сол қиындықтың бәрі артта қалатын күн жақын.
Бір-екі жыл бұрын Балқаш көлі жағалауындағы инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын картадан көріп, көңілімізге көрік іліп едік. Осы жолы сол жоспардың орындалып жатқанын аралап көріп, жайланып қалдық. Әрине, Балқаш көліндегі кәсіпкерлікті өркендетудің бас ауруы – ең алдымен жол құрылысы еді. Біраз жылдық еңбектің нәтижесінде Көлтабан мен Лепсі ауылдарының арасын жалғайтын жолдың басым бөлігі жөнделді. Қалған біраз жерге жыл соңына дейін асфальт төселмек.
Келесі өзекті мәселе көл жағалауындағы демалыс аймақтарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын реттеу. Жалпы құны 7,4 млрд. теңгеге бағаланған құрылыс жұмысын «Сапа құрылыс 2007» ЖШС жүргізіп жатыр. Жобада қарастырылған бағыттың бірі – жағалауды ауызсумен қамту. Бұл ретте су Лепсі өзенінен тартылады. Бүгінгі күнге жалпы тартылуы тиіс 31,8 шақырымның 24,8 шақырымына су құбыры жүргізілді. Аталмыш жоба Балқаш көлінің жағалауында орналасқан демалыс орындарын су және кәріз жүйесі, электр желісімен қамтамасыз ету, таза ауызсу жеткізу, көлік жолдарын заман талабына сай салуды мақсат етеді. Ауызсу іргедегі Лепсі өзенінен алынады. Көкжиде ауылының маңындағы сорғы стансысынан тартылған су 15,5 шақырым су құбыры арқылы Балқаш көлінің бойындағы су тазарту қондырғысына жеткізіліп, 4 су тазарту қондырғысы арқылы тағы бір рет тазартылып, су тұтынушыларға беріледі. Бұл жерде бір уақытта 500 м3 су тазартылады. Сонымен бірге 4 резервуар салу жұмыстары жүріп жатыр, олардың екеуінің жеке қуаты 300 м3, тағы екеуінің жеке қуаты 150 м3 болмақ. Ал пайдаланғаннан шығатын су кәріз жүйесі арқылы көл бойының тағы бір бөлігіне орналастырылатын кәріз суларын тазарту ғимаратына жеткізіліп, тазартудан өткен соң Балқаш көлінің маңындағы жасыл желектерді суаруға пайдаланылады.
Қазіргі уақытта Лепсі кенті мен көл бойын және оның шомылу аймақтарын жалғайтын 17 шақырым жолды жөндеу жұмысы аяқталған.
Ал көл бойындағы су тарату орталығынан кәріз тазалау ғимаратына апаратын жолдың құрылысы көп өтпей бітеді. Сонымен қатар, көл бойындағы жаяу жүргіншілер жолының да құрылысы орындалмақ. Біз көрген құм басқан жағалауда келесі жылы тіршілік тынысы жанданып, сапалы жол төселіп, туристер жарқыраған шамның түбінде алаңсыз демалады.
– Құрылғылардың 90 пайызы отандық кәсіпорындарда өндіріледі. Биыл 2,2 млрд. теңгені игеру көзделген еді. Күнделікті жұмысты қадағалап отырамыз. Осы қарқыннан жаңылмаса келісілген уақытта жоба толық аяқталады, – дейді Сарқан аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұратбек Мұқамбекұлы.
Лепсі ауылында бүгінде 3700-ден астам тұрғын бар. Басым бөлігінің тіршілігі Балқаш көлімен байланысты. Бұл маусымдық табыс табу саналғанымен аз уақытта біраз қаржы жинап алады. Күрежолдың бітуіне де көп уақыт қалмады. Ал мамыр айынан бергі Балқаш көлінің бойындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы басталып, оның келешегін сезінген тұрғындар өздерінің кәсібін де соған қарай бейімдеуге көшкен. Демек, жоба толығымен іске қосылғанда Лепсі ауылының тұрғындарына мол игілік әкелетіні анық.
– Қазір көл бойындағы демалыс аймағының жұмысын жандандыруға қатысты жобаларын әкеліп, ақылдасып кететін ауылдастардың қатары көбейіп барады. Өйткені олардың ертеңгі күнге деген сенімі оянды, – дейді Лепсі ауылдық округінің әкімі Ақтөре Қияс.
Балқашқа апаратын «Молалы-Лепсі-Ақтоғай» учаскесіндегі 105 шақырымының құрылысы мен абаттандыру жұмыстары толығымен келесі туристік мерзім басталғанға дейін аяқталып, қолданысқа беріледі.
Қиыншылық жылдары ауылды тастап, қалаға үдере көшкеніміз анық. Құлазыған ауылда зейнеткерлер мен бала-шаға ғана қалған еді. Әлі де сол қиындықтан шыға алмай келе жатқан ауылдар жоқ емес. Керісінше, кейінгі жылдары Лепсі ауылының жастары қаладан туған жеріне көптеп келіп жатқан көрінеді.
– І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетін бітірген соң қалада қалып, жұмыс істеуге мүмкіндігім болды. Алайда, Балқаш көлінің бойындағы туристік әлеуетті көтерудің бас жоспарын көрген соң бірден ауылға оралдым. Қазір осындағы Ушинский атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарамын. Сондай-ақ, достарымызбен бірге туризмді дамытуға қатысты жоба әзірлеп жатырмыз. Жақсы істер жалғасын тапса, біздің де арманымыз орындалмақ, – дейді жас педагог Төлеген Әлпейісов.
Балқаш көлінің бойындағы жарқын істерді көріп, біз де желпініп қайттық. Алдағы ауқымды жобалар серпін берген жерлестеріміздің еңсесі тіктеле түскендей сезілді бізге. Иә, мемлекет тарапынан осындай қолдаулар жасалса қалғанын жергілікті азаматтар іліп әкетері анық. «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген осы болар.
Қажет АНДАС