«Даму» қорының кепілдіктерін мемлекеттік бағдарламалардан тыс бағдарламалар аясында да алуға болады. «Даму» қоры іске асыратын мемлекеттік кепілдік беру бағдарламаларының шарттарына сәйкес келмейтін жобалар бар. Мұндай жағдайда «Даму» қоры шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне өзінің «Даму Оптима» бағдарламасы бойынша кепілдік беруге дайын.
Мұндай мүмкіндікке Қапшағай қаласындағы «LST AGRO» ЖШС ие болды. Аталған серіктестік өз жобасын іске асыру үшін «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламалар бойынша және «Даму» қорының жеке бағдарламасы «Даму Оптима» кепілдіктерін пайдалана отырып «Сбербанк» акционерлік қоғамы еншілес банкінен несие алды. Компания осы жоба шеңберінде жылыжай кешенін салып, жабдықтар сатып алуды және қызанақ өсіру мақсатында жалпы ауданы 4 гектар заманауи жылыжай кешенін пайдалануға беруді жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
– Жылыжай кешені жабық топырақта көкөніс дақылдарын жыл бойы гидропониялық әдіспен өсіруге арналған жоғары технологиялық агроөндірістік нысан саналады. Жылыжай кешені тамшылата отырып автоматты суару, тыңайтқыштарды автоматты енгізу сияқты автоматтандырылған заманауи жүйелермен жабдықталады. Оның ішіндегі климат та сенімді түрде басқарылатын болады. Сонымен бірге көкөністерден жоғары өнім алуға мүмкіндік беретіндей етіліп қорғалады. Желдету, топырақ пен ауаны жылыту, жарықтандыру, топырақтың фотохимиялық бақылауы, тұманның пайда болуы сияқты жұмыстар жүзеге асырылады және СО2 енгізіледі. Бұл ретте 37 м/с жел күшіне, 120 кг./м2 қар жүктемесіне, Цельсий бойынша-32 градусқа дейінгі теріс температураға төтеп беруге мүмкіндік беретін жылыжай конструкцияларының сенімділігін атап өту қажет, – дейді компания директоры Самат Мұхамедьяров.
«Даму Оптима» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының кепілдігін келесі шарттармен алуға болады. Олар: кепілдік сомасы 180 миллион теңгеден аспайды, кепілдік мерзімі – несие мерзімінен аспайды, кепілдік мөлшері – несие сомасының 50 пайызынан аспайды, кепілдік шартына қол қойылған күннен кешіктірмей кәсіпкер қорға берілетін кепілдік сомасының 2,5 пайыз мөлшерінде біржолғы комиссия төлейді. Кепілдік шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кәсіпкер жыл сайынғы негізде қорға берілген кепілдік сомасының қалдығынан 2,5 пайыз мөлшерінде комиссия төлейді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





