Шалғай ауылдардың жағдайын жақсартуға «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының тигізіп отырған шапағаты аз емес. Мәселен, Кеген ауданында биылдың өзінде 4 мектеп пен 2 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Мұның сыртында Жайдақбұлақ пен Жалаулы ауылдарының тұрғындары биыл таза ауызсуға қол жеткізгелі отыр.
Жалаңаш ауылдық округіне қарайтын Жайдақбұлақ елді мекенінде бүгінде 58 отбасы тұрады. Табиғаты көркем ауылдың тұрғындары негізінен төрт түлік малмен жандарын бағып, ырыстарын кіргізіп, берекелерін арттырып келеді.
Биылғы жылдың жақсылығы деуге әбден болады, Жайдақбұлақ ауылында «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл игілікті істі Манас Бұқабаев басқаратын «Жолашар» ЖШС қолына алып, сапалы жүргізіп келеді.
Манастай білімді, білікті азамат Кеген ауылында тұрады. Биыл Жайдақбұлақ пен Жалаулы ауылдарындағы ауызсу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі жұмыстарды тендер арқылы ұтып алған болатын.
Жайдақбұлақ ауылының кіреберісінен бастап ауызсу жүйелері үшін арна тартылып, су бөлетін цемент шұңқырлары орнатылып, құбырлары жалғануда. Жалпы, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету үшін 4 көше бойынша жалпы көлемі 3,5 шақырымды құрайтын құбыр тартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауылдың бас жағындағы бұрынғы су қоймасы қалпына келтіріледі. Бұл орайдағы жұмыс басталып, сәтімен жалғасуда.
Ауылды ауызсумен қамтудың жоба-жоспарын қолына алып, қай жерге не орнатылады, бәрін бес саусағындай біліп отырған Әуесхан су жүйесін жаңғыртудың нағыз білгір маманы. Бағдарламаға сәйкес ауылдың өзінен 6 адам жұмыспен қамтылыпты. Жер қазатын тракторды жүргізетін механизатор Жандос Дегенов, су құбырын бір-біріне жалғап отыратын Олжас Рахиза мен Олжас Ыдырыс та өз істерінің шебері. Болат Баймұханов, Алмас Байбатыров, Алмас Боқаев, Олжас Доданов секілді қарапайым еңбеккерлердің де көтеріп жүрген жүктері жеңіл емес.
– Жайдақбұлақ ауылынан бөлек, Ұзынбұлақ ауылдық округіне қарасты Жалаулы ауылында да ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Мұның сыртында аудандағы Ақтасты, Тасашы, Сарыкөл, Ереуіл, Жалаулы, Бөлексаз, Жайдақбұлақ, Көкпияз ауылдарындағы мектептерге кәріз тарту жұмыстарын қолға алдық. Ел мен жер үшін жасалып жатқан мұндай игілікті шаруаларымызды мерзімінде бітіріп, игілікке жарататын боламыз, – дейді «Жолашар» ЖШС-нің директоры Манас Бұқабаев.
«Жолашар» ЖШС қарамағындағы мамандар мен жұмысшыларға қажетті жағдайлардың бәрін жасап отыр. Жатын орындары жайлы. Үш уақыт дәмді тамақ беріледі. Еңбекақыларын уақтылы алуда.
– Шалғайдағы ауылдардың жайын ойлап, қолдау көрсетіп отырған мемлекетіміздің саясатына, арнайы бағдарламасына шын жүрегімізбен алғысымызды айтамыз. Алла бұйыртса, әр шаңырақ таза ауызсуға қол жеткізетін болды, – дейді ауыл биі Ақанқожа Әліқұлов.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы
Алматы облысы





