ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев жұмыс сапарымен Талдықорған қаласына келді. Халық қалаулысын қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов «Қаратал» шағынауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысымен таныстырды.
2019 жылдың сәуір айында басталған құрылыс нәтижесі көңіл қуантарлық. Бүгінгі таңда жатақхана құрылысы 90 пайызға орындалған. Су, жарық, жылу жүйелері толықтай қосылған. Нысанның іші әрленіп, сыртқы қаптамалары бекітілуде. Құрылыс нысанында 130 адам еңбек етеді. Ғимараттың бірінші қабатында кітапхана, асхана, шағын кинотеатр, компьютерлік кабинет болса, жоғарыда студенттер тұрады. Әр бөлмеге жеке жуынатын орын қарастырылған.
Ғимараттың әр бөлмесін аралаған депутат білімгерлерге барлық жағдай жасалуы керектігін тілге тиек етті. Бос уақыттарында үстел теннисі, шахмат, дойбы секілді спорттық ойындар ойнауға мүмкіндік қарастыруды қадап айтты. Сондай-ақ, құрылысқа қажетті барлық материалды тек отандық өнімдерден пайдалануды талап етті.
– Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан да, ең бірінші жатақхана жылы да жайлы болуы тиіс. Әр бөлмеге қойылатын құрал-жабдықтардың сапасына көңіл бөліңіздер. Студенттер таршылық көрмей, тек білім алуға, спортпен шұғылдануға көңіл бөлетін болса, келешегіміз жарқын болары сөзсіз. Мынадай кең сарайдай жатақханада тұрған жетісулық білімгерлер алтын уақытын тек оқу-білімге арнайды деп ойлаймын. Өйткені, дәл осы үлгідегі заманауи ғимарат көп қалаларда, тіпті, басқа мемлекеттерде де жоқ десек те болады. Жастарға артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Ізденімпаз, білімді жастар мемлекеттің мұндай қамқорлығын сезініп, ел болашағы жолында талмай білім алса, еңбектің ақталғаны деп түсінуіміз керек. Құрылысшылардың да жағдайына баса көңіл аударыңыздар. Жалақыларын уақытылы төлеп тұруды да назардан тыс қалдырмаңыздар. Бәріміз мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етуге міндеттіміз, – деді Нұрлан Наурызұлы.
Студенттер үйінің сыртқы, ішкі құрылысына баса мән берген депутат жұмысқа оң бағасын берді. Ең бастысы, сапаға көңіл бөлген ол құрылыс жұмысын уақытылы аяқтап, көптің ақ батасын алғаннан артық мәртебе жоқ екенін айтты.
Облыстық құрылыс басқармасының білім беру және мәдениет нысандарының құрылысы бөлімінің басшысы Дәурен Тұрғанбаевтың айтуынша, құрылысшы мердігер «Construction Company» ЖШС мен жобалаушы «Ақ-Жол-ІІ» ЖШС жұмысты сапалы әрі нәтижелі орындап келеді. «Бұл жерде сейсмикалық нығайту жұмыстары толық атқарылды. Жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, қауіпсіздік ережелерінің барлық талабы ескеріле отырып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сапалы құрылыс үшін отандық құрылыс материалдары қолданылуда. Бір бөлмеге 3 студенттен орналастырылады. Бөлмеге қойылатын төсек, үстел, орындық, шкаф секілді жиһаздардың барлығы дайын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арнайы пандус жасалады», – деді ол.
Айта кету керек, талдықорғандық студенттерге арналған жатақханада 96 бөлме бар. Оған 288 білімгер орналасады. Ғимарат құрылысы үстіміздегі жылдың наурыз айында аяқталады деп күтілуде.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды





