Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты елде ауылшаруашылығы дақылдарын өндірушілерді жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Дәнді дақылдардың бірегей және элиталы сұрыптарын өндіретін институт жылына 1500 тоннадан аса сапалы тұқым өндіріп, өзіміздің және ТМД елдерінің 3,5 млн.гектар алқабын сапалы тұқыммен қамтамасыз етуде.
Институт қарамағында барлығы 480 гектар егіс алқабы бар десек, олардың 190 гектарына күздік бидай мен арпа егіледі. Ауа райының қолайлы болуына байланысты бүгінде олардың шығымы көңіл қуантады. Сонымен қатар, 100 гектар жерге жаздық бидай мен арпа егілген. 58 гектарға майбұршақ (соя), 22 гектарға мақсары (сафлор), 4 гектарға қызылша, 5 гектарға жүгері, 5 гектарға дәндібұршақ дақылдары және 6 гектар алқапқа ғылыми-тәжірибе егістері орналастырылған. Ауыспалы егіс алқабын қамтамасыз ету мақсатында 92 гектарға көпжылдық және біржылдық шөптер өсірілуде.
Қыс айларында қолда бар техникаға күтім жасап, көктемгі егіс науқанына сақадай сай етіп қойған институт механизаторлары күн жылысымен даланы дүбірге бөлеуде. Алдымен ерте себілетін арпа-бидай мен көпжылдық шөптерді отырғызған олар ендігі кезекте топырақ жылуын қажет ететін майбұршақ, мақсары, жүгері сынды дақылдарды егуде.
Алқаптың өнімділігі алдымен тұқымды уақытылы әрі технологияға сай себуге тікелей байланысты екенін білетін институт ғалымдары көктемгі науқан кезінде кабинетте отырмай, бар уақытты егіс алқабы басында өткізуді әдетке айналдырған. Біз майбұршақ егістігіне келгенде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Азамат Қыдыров, дәндібұршақ дақылдары бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Светлана Дидоренко, өндірістік-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Абдулла Бакиевтер осы жерден табылды.
– Біздің институт ғалымдары осы уақытқа дейін 650-ден аса егіс дақылдарының сұрыптары мен будандарын шығарды, – дейді Азамат Қыдыров бізге берген сұхбатында. – Оның ішінде отандық өндірісте 191 түрі, ТМД елдерінде (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, тағы басқа) 48 сұрып пен будан өндіріске енгізілген. Ал, майбұршақ дақылының 90 пайыздан астамы Алматы облысында өсіріледі. Әсіресе Алакөл, Сарқан, Ақсу және Көксу аудандарында осы дақылға басымдық берілген. Жетісу аймағында қант қызылшасын өсіру көлемі артуына байланысты институт ғалымдарының алдында мол өнім беретін, шығымдылығы жоғары әрі біздің табиғатқа жерсіндірілген тұқым шығару мақсаты тұр. Бүгінде қызылшаның аналық-аталық тұқымдарын жерге сіңіріп, ғылыми мақсатта тамыр жемісінен егілетін қызылша алқабы минералды тыңайтқыштармен қоректендірілді. Бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарымыз ел диқандарының қызылша тұқымына деген сұранысын толықтай өтеп, қант өндіру көлемін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Иә, ғылыми-зерттеу институты қарамағындағы алқаптан жыл сайын мол әрі сапалы өнім алуды жолға қойған. Ендігі уақытта диқандар ғалымдардың тәжірибесін өндірісте пайдаланып, ел ырысын еселеуге еңбек етпек.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы
Алматы облысы





