Кейінгі жылдары әлем экономикасында небір жаңалық пен жаңашылдық орын алуда. АҚШ тарапынан салынып жатқан баж салығы, Ресейге қолданылыған санкция. Бәрі де Қазақстан экономикасына әсер етеді. Сондықтан ел экономикасы бірқатар сын-қатерлер мен мүмкіндіктер кезеңін бастан өткеріп келеді. Әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдай, геосаяси тәуекелдер, ішкі өндірістің құрылымы мен өңірлік теңсіздік – елдің экономикалық стратегиясын қайта қарауға итермелеп отыр.
Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – өңірлердің фискалдық дербестігін арттыру және шикізаттық емес секторды дамыту. Бұл бағытта Жетісу облысы секілді жаңадан құрылған аймақтардың экономикалық әлеуетін көтеру ерекше маңызды.
2025 жылдың жазында Қаржы министрлігі ұсынған деректер бойынша, ел өңірлері 909,4 млрд. теңге салық жинап, маусым-шілде айларындағы төмендеуден кейін 56%-ға өсім көрсетті. Бұл – аймақтық экономиканың белсенділігі артып келе жатқанын білдіреді. Жалпы, қаңтар-тамыз аралығында өңірлік бюджеттерге түскен салық көлемі 5,7 трлн. теңгеге жетіп, ел қазынасына зор үлес қосты.
Бірақ өңірлер арасындағы экономикалық айырмашылық әлі де айқын. Алматы мен Астана республикалық бюджет кірісінің басым бөлігін қамтамасыз етсе, Қызылорда, Жетісу, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында салық түсімі айтарлықтай төмен. Бұл өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыру үшін жаңа тетіктер қажет екенін көрсетеді.
Ресми статистикаға сәйкес, еліміздің жалпы салық түсімдерінің ең үлкен үлесін үш өңір қамтамасыз етіп отыр:
- Алматы – 1 409,6 млрд. теңге (91,8% табыс құрылымы),
- Астана – 778,9 млрд. (71,8%),
- Атырау облысы – 587,3 млрд. (92,2%).
Бұл өңірлерде экономикалық белсенділік жоғары, қызмет көрсету, сауда және өнеркәсіп секторы жақсы дамыған. Ал Жетісу облысы бар болғаны 71 млрд. теңге салық жинаған, бұл – аймақтың қаржылық әлеуеті төмен екенін және орталықтан бөлінетін трансферттерге тәуелділігін көрсетеді.
Фискалдық дербестік деңгейі бойынша да айырмашылық бар. Павлодар мен Алматы облыстарында бұл көрсеткіш 60% шамасында болса, Жетісуда – небары 19,4%, яғни бюджет кірісінің 80%-ға жуығы республикалық дотациялар есебінен қалыптасады.
Мұндай дисбаланс өңірлік экономиканы әртараптандыруды қажет етеді. Соңғы жылдары аграрлық сектор мен шағын өңдеу кәсіпорындары – экономикалық өсімнің басты драйверіне айналып келеді.
Жетісу облысы соңғы екі жылда агроөнеркәсіп пен шағын өндіріс бағытында айтарлықтай қадамдар жасап отыр. Облыстың табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы, әсіресе бұршақ тұқымдас және майлы дақылдар егу тәжірибесі сәтті жүріп жатыр.
Биыл Ақсу ауданында алғаш рет жержаңғақ өсіру қолға алынды. «Жетісу жер» ЖШС 1,5 гектар алқапқа Өзбекстаннан әкелінген тұқым егіп, жақсы өнім алған. Әр гектардан 3-5 тоннаға дейін өнім алу мүмкіндігі бар. Мұндай бастамалар облыстың ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, экспорттық әлеуетті арттырады.
Сонымен қатар, қант қызылшасы өндірісі де өңірдің басты экономикалық тірегіне айналып отыр. Ақсу және Көксу қант зауыттары 528 мың тонна тәтті түбір өңдеуді жоспарлаған. Жергілікті бюджеттен және зауыт тарапынан берілетін тоннасына 40 мың теңгелік субсидия – шаруалар үшін үлкен ынталандыру.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, қант қызылшасының егіс көлемі 12,2 мың гектарға жеткен. Қызылша өндірісімен 25 сервистік-дайындау орталығы айналысып, 450 ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылған. Бұл – жергілікті еңбек нарығына, өңдеу өнеркәсібіне, және бюджет кірісіне оң әсер етіп отыр.
Жетісу облысы шетелдік инвестиция тарту бағытында да белсенділік танытуда.
Мысалы, чилилік “ME Elecmetal” компаниясы Талдықорғанда тегістегіш болат шар өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Жоба құны – 70 млн доллар, қуаты жылына 180 мың тонна өнім. Кәсіпорын іске қосылған соң 150 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Бұл жоба – аймақтың металлургиялық және машина жасау салаларын дамытудың нақты үлгісі. Индустриалды аймақтағы жаңа өндіріс тек аймақтық экономиканы ғана емес, экспорттық әлеуетті де арттырады.
Экономикалық даму үшін инфрақұрылымның сапасы шешуші рөл атқарады. Қысқы маусымға дайындық барысында Жетісу облысында 543 техника және 28 мың тонна мұздан тазартатын материал әзірленген.
Жол желісін күтіп ұстау үшін 66 мердігер ұйым жұмылдырылған. Бұл шаралар аймақтық көлік-логистикалық жүйенің тиімділігін арттырып, бизнес белсенділікке де оң әсерін тигізеді.
Облыстың жол қоры 4 019 шақырымды құрайды, оның ішінде 1 034 км республикалық, 2 762 км облыстық, 222 км аудандық маңызы бар.
Қазақстан экономикасының қазіргі даму кезеңі – өңірлер арасындағы теңсіздікті жою мен өндіріс әлеуетін кеңейтуге бағытталған кезең.
Жетісу облысы – осы саясаттың нақты көрінісі. Қант, жержаңғақ, бұршақ, металл өнімдері мен жол инфрақұрылымы сынды жобалар жергілікті экономиканы әртараптандыруға, жұмыс орындарын көбейтуге, және фискалдық тәуелсіздікті азайтуға бағытталған.
Мемлекеттік субсидиялар мен инвестициялық қолдау жүйелі жалғасын тапса, алдағы бес жылда Жетісу облысы агроөндіріс пен өңдеу өнеркәсібі тоғысқан жаңа экономикалық хабқа айналуы мүмкін.
Мәулен Әнербай





