Айдарлы ауылдық округіндегі жалпы аумағы 1110 гектар жерді алып жатқан интенсивті бақтың өсірілгеніне биыл бес жыл толыпты. Жобаның басты мақсаты осы бес жылда бақ өсіп-жетіліп, барлық жеміс ағаштары толық қуатында өнім бере бастауы тиіс болатын. Сол жоспар биыл жүзеге асып, толықтай тамшылатып суару технологиясымен өсірілген жеміс бағынан мол өнім жиналды.
Жиналған жеміс-жидектің мың тоннадан астамы Нұр-Сұлтан қаласына, солтүстік облыстарға және ТМД елдеріне сатуға жөнелтілді. Бұл жөнінде интенсивті бақтың бас агрономы, Молдавиядан келген маман Аркадий Гончар:
– Құнарлы топырақ, қолайлы ауа райы, жеткілікті мөлшердегі ылғал бізге пестицидтер қолданбай-ақ сапалы, мол жеміс өсіруге мүмкіндік береді. Сондықтан да ерте және кеш пісетін алма сұрыптарының қанттылығы мен қышқылы қалыпқа сай, өте дәмді. Толық жеміс берген 578 гектардағы «Джереми», «Генни Смит», «Фуджи», «Пинк Леди», «Супер чайф», тағы басқа да алма сұрыптарынан 15 мың тонна, 67 гектар жердегі шабдалыдан 200 тонна, 33 гектардағы қара өріктен 80 тонна жеміс жинадық, – дейді.
Түрік технологиясымен өсірілген жеміс өнімдері Алматы облысындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтілген. Іріктеліп, сұрыпталған өнімдердің көпшілігі Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларына және Ресейдің Екатеринбург қалаларына жіберіледі. Келісімшарт талабына сәйкес биыл аталған қалаларға 3,5 мың тонна алма жемісі жеткізіледі. Бұдан басқа 10 мың тонна жеміс өнімдері қоймаларда сақталып, қыс маусымында көтерме бағамен сатылады. Жыл бойы интенсивті бақта 16 маман-агроном, 250 бағбан жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына күтіп-баптайтын телімдер тапсырылған. Бұған қосымша жеміс жинайтын кезеңде тағы 250 жұмысшы уақытша науқанға тартылады. Олардың әрқайсысының міндеті – күніне 775–900 келі алма жемісін жинап, ақысына 7-ден 9 мыңға дейін табыс табу. Ерінбей еңбек еткен жан ай сайын орта есеппен 250 мың теңге жалақы алады.
– Бақта жұмыс істеп жүргенімізге үш жылдан асты. Жұмысымыз өзімізге қолайлы. Әрқайсымыздың жауап беретін, белгіленген өз телімдеріміз бар, сол учаскедегі жеміс ағаштарын күтіп-баптауға, барлық технологиялық талаптарды орындауға міндеттіміз, – дейді агроном Марал Жақыпова. Бақ ішінде алма жинап жүрген бірнеше әйелді кездестірдік. Айымхан Қатбаева, Марина Кулакова, Жұмақыз Исағұлова және Ұлжан Тойшыбекова осы бақта бес жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда негізінен Айдарлы, Көктал, Үшарал ауылдарының тұрғындары жұмысқа тартылған. Оларды күн сайын тасымалдайтын арнайы автобустар бар.
– Ауылымыздың іргесіне осы бақ отырғызылғалы округтегі жұмыссыздар саны күрт кеміді, – дейді округ әкімі Айдар Исаев. – Осыдан бес жыл бұрын ауылдастарымыз жұмыс іздеп қалаға, басқа өңірлерге қоныс аудара бастаған болатын, қазір бұрын ауылдан кеткендер қайта оралып, орталықтан шалғай орналасқан елді мекеннің тіршілігі оңалды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





