Қазақстанда салық есептілігін толықтыру процесіне жасанды интеллект енгізіле бастады. Енді азаматтар мен кәсіпкерлерге салықтық міндеттемелер бойынша тәулік бойы онлайн кеңес беретін AI-көмекші қызметі қолжетімді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында осы бағыттағы жаңа цифрлық шешімдер іске қосылғанын хабарлады. Оның айтуынша, жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.
– Бұл жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты әсіресе өзекті. Азаматтар мен бизнес салық мәселелері бойынша түсінікті әрі жедел жауап ала алады. Қызметтің басты артықшылығы – салық нормаларын барынша қолжетімді ету. Пайдаланушы күрделі заң тілін емес, не істеу керектігін және қателіктерден қалай сақтану керектігін қарапайым түрде түсінеді, – деді Жаслан Мәдиев.
Жүйе салық есептерін толтыру тәртібін түсіндірумен қатар, қолданыстағы нормаларды дұрыс қолдануға көмектеседі. Болашақта AI-көмекші декларацияларды автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін де енгізу жоспарланған.
Мамандардың пікірінше, мұндай технологиялар әкімшілік жүктемені азайтып, салық төлеушілер үшін қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.





