Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағанда ерікті болу еріккендердің ермегі емес, қайта заман талабының үдесінен шыққан үздік жандардың әрекеті саналады деген еді. Расында да еріктілерді қоғамдағы ерекше қозғаушы күш деп айтуға болады. Еріктілер жылын жариялай сала елдің әр аймағында еріктілер қосыны жасақталды. Қазіргі таңда волонтерлік қызмет танымалдылықтың ұшар шыңына көтерілді. Осы орайда «Жан жылуы» атты айдар ашып, еріктілердің атқарып жатқан игілікті істерін көрсетуді жөн көрдік. Біз барған алғашқы еріктілер қосыны Текелі қаласындағы «Делай добро! Текелі» қоғамдық ұйымы.
2018 жылдан бастап іске қосылған қоғамдық ұйымның жетекшісі Халида Кусанова қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елге қол ұшын созуды, ерікті болып қызмет атқаруды өмірінің бір бөлшегі деп біледі.
Ұйым қалай құрылды?
– Ерікті болып жұмыс істеу, өзгеге қолғабыс ету, көмектесу қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келетін, қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі ғой, – деп бастады әңгімесін ол.
– Ақмола облысының тумасымын. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң тұрмысқа шығып, Қарағанды қаласында тұрдым. Жиырма жыл сол қаладағы «Қазақтелеком» дирекциясында қызмет еттім. Кейін өмір жолымда біраз қиындық орын алып, 2017 жылы екі баламмен Текелі қаласына қоныс тептім. Мұнда анамның сіңлісі тұрады. Тәтем бос тұрған үйін берді. Алғашқыда ерікті болып Талдықорғандағы «Лидер кз» жетекшісі Матвей Швединмен етене жұмыс істестім. Ол жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Содан 2018 жылдан өзім жеке шығып, «Делай добро! Текелі» деген қоғамдық ұйым ашып, логотипін жасадық. Содан бері командамызбен еңбек етіп келеміз. Жеті жылда талай адамға қол ұшын бердік. Өзіміздің арнайы чатымыз бар, сол жерде барлық дүние жазылады. «Делай добро! Текелі» чатынан бөлек облыс бойынша да чат құрып, полиция, төтенше жағдайлар департаментінің адамдарын қостық. Ерікті ретінде Текелі қаласында орын алатын оқыс жағдайларға ғана емес, облыс бойынша көмек қолын созуды жөн көрдік. Өткен жылы адам жоғалу көптеп орын алды. Бір күнде бірнеше адам жоғалған күндер болды. Алайда бәрі жақсы аяқталды. Еріктілер 10 күн бойы іздеген қыз – Карина Дорохина еді. Оның арты немен аяқталғанын өздеріңіз білесіздер. Мәйітін табудың өзі біраз қиынға соқты. Дегенмен жаппай іздеудің арқасында іс нәтижесін берді. Ал бұл оқиға жүрекке қанжар сұққандай әсер қалдырды.
Любовь ИВАНОВНА,
Текелі қаласының тұрғыны:
– Бұл қалада тұрып жатқаныма 50 жылға жуықтады. Балаларым, немере-шөберем де бар. Әлеуметтік қойма ашылғалы жақсы болды, мен тұрақты клиентпін. Қазір киім-кешек сатып алу қымбат, сондықтан осында келіп аламын. Киілген болса да таза. Мен ғана емес, көпбалалы, жалғызбасты аналар да келіп, керегін алады. Бұл қыздар «Мектепке жол» акциясымен балалардың мектеп киімін алып беруге де жәрдемдеседі. «Делай добро! Текелі» қоғамдық ұйымына айтар алғысым шексіз. Мұндағылардың атқарып жатқан еңбегі зор.
Екі адам баспаналы болды
Ерікті – бар ынтасымен біреуге көмектесетін, еңбегіне ақы сұрамайтын адам ғой. Өз басым біреуге көмек беруден рахат тауып, оның айтқан алғысынан қуат аламын. Біреуге жақсылық жасап, оның қуанғанын көргенде жұмысыңның нәтижесін көресің. Адамға жақсылық жасау үшін бай немесе атақты болуың маңызды емес. Жалғызбасты қарияның үйін тазалап, көмірін түсіріп беру, қажет болса азық-түлікпен қамтамасыз ету де жақсылықтың бір нышаны, сауапты іс. Біреуді қуанту ол сүннет. Әлбетте, көп адам мұны түсіне бермейді. Адамгершілік деген әр адамда бола бермейтін ең асыл қасиет қой. Менің ресми түрде ерікті болып жүргеніме 8 жылдай болыпты. Осы жылдар ішінде талай адамның алғысын алып қана қоймай, өзіме рухани байлық әрі тәжірибе алдым, – дейді еріктілер қоғамдық ұйымының жетекшісі.
Ерікті болудағы ісін адам іздеуден бастаған Халида Кусанова кейіннен жұмысы ұлғайып, көмек сұраған жалғызбасты аналар мен басқа да жандарға демеуші тауып, қол ұшын беріп келеді. Соның ішінде екі адамның баспаналы болуына ықпал етті.
– Қол ұшын беретіндер қатарында бомждар да бар. Сондай күйге түскен талай адамның құжаттарын жасап, Талдықорған қаласындағы бейімдеу орталығына орналастырдым. Текелі қаласында моншада күнелтіп жүрген Әбдірахман есімді атамыздың да құжатын жасап, Қарттар үйіне орнығуына жағдай жасадық. Көмектескен адамдар туралы айта берсем өте көп. Атқарған әрбір ісімізді инста парақшамыздан көрсеңіздер болады.
Сөзімде 2 адамның үйлі болуына жәрдемдестік деп айттым ғой. Соның бірі – Айдос есімді азамат. Онымен 2020 жылы «COVID» жүріп жатқанда азық-түлік апарып жүріп танысқан едім. Сол тұста 6 баламен ескі жалдамалы үйде тұратынын көріп, іштей «Қалай көмек берсем?» деген ой келген еді. Содан Айдосты ертіп сол кездері қала әкімі болған Батыр Молдахметовке кірдім. Бірақ, әкім баспана тек кезекпен ғана берілетінін нақтылап, «Өзіңіз демеуші іздеп көрсеңіз қайтеді?» деген ойын айтты. Оған жақсы дегеніммен демеуші тауып, үй алып беру деген миға қонымсыз дүние болып көрінді. Арада талай уақыт өтіп кеткен. «Алла берем десе терезеден де береді» деп жатады ғой. «Мешіттен телефоныңызды алып едім» деп бір келіншек қоңырау шалып тұр. Сөйтсем «Елге көмек бер» деген қордың адамы екен. «Бір отбасына үй алып берсек» деген ұсынысын айтты. Өзім сенбегеніммен іштей қуандым. Осылайша үш күннің ішінде мәселе шешіліп, Айдосқа бірінші кордоннан жер үй сатып әперді. Алты балалы отбасыға лайықты баспана бұйырды. Мектеп жанында, әр балаға тиесілі бөлмелері бар. Өзіме қатты ұнады. Содан балаларға атаулы әлеуметтік көмек алу үшін Айдостың жұмысқа орналасуына да қол ұшын бердік. Жалпы бұл азамат ешкімнен көмек сұрап, алдына бармайтын адам. Нағыз ермінезді жан. «Елге көмек бер» қорының демеушілігімен Сандуғаш есімді көпбалалы анамыз да 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.
Көмек беретін көп адамның ішінде ала берсем дейтіндер де болады. «Балықтың орнына қармақ бер» демекші, біз қолдарына қармақ ұстатуға тырысамыз. Нағыз мұқтаж адам сенен ештеңе дәметпейді, қалай өмір сүрді, солай күн кеше береді. Сондықтан неғұрлым сондай жандарға көмектесуге талпынамыз.
Әлеуметтік қойма ашылды
2021 жылдан арнайы орын тауып, елдерге қажетті заттар үшін әлеуметтік қойма ашқанбыз. Сол кездегі қала әкімі Б. Молдахметов қолдап, қойманы ашу үшін орын тауып берді. Бірақ 2 жыл өткен соң әлгі орынды алып қойып, біз қоймасыз қалдық. Алайда елдің сұранысымен қойманы қайта ашу үшін қазіргі қала әкімі «Жастар» орталығынан орын беретінін айтты. Бүгінгі таңда қойма жұмысы қайта жанданды. Аптасына екі күн, түскі сағат 12.00-ден 15.00-ге дейінгі аралықта Катя есімді қызымыз келіп, қойманы ашып, мұқтаж адамдар өздеріне қажетті заттарды алады. Қазіргі қойма орталыққа жақын орналасқан ғимаратта болғандықтан қажетсіз киім-кешек, заттарды алып келушілер саны да артып отыр. Мұндағы әр заттың мұқтаж жандардың игілігіне жарап жатқаны көңіл қуантады, – дейді ол.
Ерікті болудан бөлек Халида Есболқызы қоғамдық қор алатын жобаларға көмектесіп, сол жерден тұрақты еңбекақы алады. «Әр адамның өз ойы, өз арманы, өз жолы бар ғой. Менің жолым осы ерікті болумен ұштасып жатқандай, яғни, Алла менің біреуге қол ұшын беруімді қалап, сондай жолға бағыттап қойған шығар деймін. Ерікті болу – менің өмірлік миссиям секілді», – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Бала кезінен тергеуші болуды армандаған Халида Кусанова бұл мамандықта оқымаса да тағдыр жолы оны волонтерлікпен ұштастырғаны жайдан жай емес-ау. Ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген сөзін өмірлік ұстанымы еткен оның еріктілік істегі еңбегі бағаланып, 2023 жылы «Шапағат» медалінің иегері атанды. Өзгелерге қол созып жүрсе де еңбегіне ақы сұрамайтын ұйымның жұмысы жандана берсін.
Сарби ӘЙТЕНОВА
Текелі қаласы
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ