Талдықорған: +11°C
$ 510.84
€ 579.70
₽ 6.39
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ІЗГІЛІК ІЗІ

«ХАЛҚЫҢА ЕҢБЕК ҚЫЛ, АҚ ЖОЛДАН АЙНЫМАЙ…»

30.03.2025
ІЗГІЛІК ІЗІ
"ХАЛҚЫҢА ЕҢБЕК ҚЫЛ, АҚ ЖОЛДАН АЙНЫМАЙ..."

Көксулық Бағлан Ерғали отбасындағы алты баланың кенжесі. Балпық би ауылындағы  Нұрмолда Алдабергенов атындағы  орта мектепте 9 жылдық білім алды.  Оның айтуынша, ерікті болу – үлкен сый. Себебі, әркімнің қолынан келе бермейтін бұл  істе,  Абай айтқандай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек керек. 

–  Бала кезден көп ауырдым.  Сондықтан мектепте озат оқушы болдым дей алмаймын. Отбасындағы алты бала  еңбекпен есейдік. Тоғыз жылдық мектепті тамамдаған  соң ары қарай оқып, білім қумасам да рухани серігім кітаптан ажыраған емеспін. Белсенділік жолға да өздігімнен келе салған  жоқпын. Мұның бәрі үйдегі ата-анамның берген тәрбиесі. Себебі ата-анам үнемі  «қолдан келсе өзгелерге жақсылық жасаудан аянбаңдар» дейтін-ді. Сондықтан  «Қайырымдылық  жасасаң қайырын өзің көресің» деген  сөзді   өмірдегі ұстанымыма  айналдырған жанмын,  – деген  Бағлан  бүгінгі қатарластарының басым бөлігі  «қоғамнан не аламын  емес, қоғамға, еліме не беремін, қалай көмектесемін» деген пайымда екенін айтады. 

Оның сөзінше, волонтерлік белгілі бір қызмет емес. «Білгенге кез келген саналы адам волонтер ғой» дейді ол. 

– Отбасында ешбірімізде  нақты бір мамандық жоқ.  Алайда  еңбек етсең емерсің, ерінбесең жеңерсің  деп өмір сүріп келеміз. Үшінші топ мүгедегі болғаныммен белсенділік негізгі қаруым болып табылады.  Бала  кезден  мәдени өмірге,   руханиятқа жақын болдым. Ал үйдегі әке-шешем берген тәрбиеден бөлек,  елді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділік пен төзімділікке  кітап  баулыды десем болады. Жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирендіретін кітаптың адам баласына берер  тағылымы ұшан-теңіз ғой.  

Ерікті ретінде ғана емес, затымыз адам болғандықтан бір-бірімізге көмектесу парыз  деп санаймын. Шәкәрім тілімен айтсақ: «Еңбекке шыда ебін тап, сабырдың түбі сары алтын.Өзімшіл болма, көпті сыйла. Адамның бəрі өз халқың». 

Елдің үніне құлақ асуда «Көксу жанашыры» атты инста парақша   аштым. Бүгінгі  күнге дейін аудан, ауылдағы тұрғындардың үнін осы  парақша арқылы басшылыққа жеткізуге   тырысамын.  

Сөзімде рухани тіршілікке көп ден қоятынымды айттым. Бұл орайда мектеп оқушылары үшін   алаштанушы-ғалым  Елдос Тоқтарбайды арнайы шақырып,   патриоттық тақырыпта  лекция ұйымдастырдық. Дәл қазіргі кезде  7-8-9 сынып  арасында аудандық көлемде алғаш рет  Шәкәрім оқулары  байқауын өткізуді қолға алғанмын. «Адамдық борышың» деп аталатын  байқау 1 сәуірде  өткізіледі. Шәкәрімнің  өлеңін толық  жаттаған жан болғандықтан байқауды  ұйымдастыруды  ұйғардым. Бұған  демеушілік көрсетіп отырған  «Самал» сауда орталығының иесі Олжас  Кәрім. Байқаудың  бірінші орын жүлдегеріне  150 мың теңге берілсе, екінші орынға 100 мың теңге,  үшінші, орын алғандарға 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етіледі. Мұнан  өзге  ынталандыру  сыйлығы бар. Осы орайда айта кетейін, өткен жылы елімізде болған  су тасқынында, Батыс өңіріне жіберілген көмек кезінде  елден жиналған қаржыдан бөлек  Олжас Смағалиұлы 4 млн. теңгені жеке қаржысынан бөлген болатын, – дейді   Бағлан Ерғали. 

Кейіпкеріміз сөзінде  өткен жылы тағы бір жанашыр адамның қол созуымен аудандағы қол күресінен  әлем чемпионы атанған Бүркіт деген азаматқа қоларба табыс еткенін  тілге тиек етті. Мұнан өзге, жалдамалы пәтерде тұратын 8 балалы  келіншектің отбасына әкімдікпен бірігіп азық-түлік апарса, пәтерге төлейтін бір айлық  төлемақыны Балпық би ауылының әкімі,  екіншісінде  өзі төлеп берген. Осылайша, қолдан келгенше көмек қолын созып келеді. 

«Көксу жанашыры» атты инста парақшасы арқылы  талай адамның  мәселесіне араласып,  оң шешімін табуына ықпал етіп  келетін  Бағланның алға қойған бағдарының бірі  жас жеткіншек санасына Шәкәрім шығармашылығын сіңіру. 
– Шәкәрім  мына бір өлеңінде: 
Жұқпайды екен айтқан сөз
Ғылымы жоқ наданға.
Кеудесiнде болса көз,
Жұғар мұндай адамға.
Ондай адам қазақтан
Көп туса осы заманға,
Босар едi-ау азаптан
Қазақ шығып самалға, – деп тебіренеді.  Өмірдегі жолым ұлы тұлғаның шығармашылығын насихаттай жүріп  қазақты өзінің  самалына шығару, тұғырына қондыру болып табылады
,  – деп ағынан жарылды ол. 

– Бала кезден көп дүниені армандадым. Соның ішінде  есейген,  шамамен 11-12 жасымда    еліме бір пайдамды тигізсем екен деп көп ойланып,  толғанатын едім. Қазіргі таңда ойлағанымды ақырындап жүзеге асырып келемін. Әңгіме арасында мектеп қабырғасында нашар  оқығанымды айттым. Дей тұрғанмен қазіргі кезде   ауыз толтырып айтатындай шаралардың өтуіне ұйытқы болып, ұйымдастырып жүрмін. Жұмысыма  қарап  мені бала кезден  танитын  ұстаздарым: «Сен мұндай іске қалай келдің?» деп  таң қалып жатады. Бұған өзімнің де берер  жауабым жоқ. Әйтеуір қолға алған  қандай да болмасын істерім оңынан болып,  ілгері басып  сала береді.  

Бала кезден  қиындықты  көріп өстім. Бастан талай дүние өтті. Өмірімнің әр жолы  болашаққа апаратын  айқын қадамды қалыптастыруға негіз болды. 13 жаста  Шәкәрімнің «Адамдық борышың» атты өлеңін жаттадым. Осыдан кейін ақын өлеңдеріне тереңдей түстім. 2008 жылы  Шәкәрім Құдайбердіұлының  150 жылдық мерейтойына  орай Семей қаласында өлең оқудан  жарыс өтті. Жүлде алмасам да  сол байқауға  қатысқаным мен үшін  жеңіске қол жеткізгенмен бірдей болды. Осыдан кейін ақынның өлеңіне деген махаббатым ашылып,  350 өлеңін жаттадым.Қазір оның бәрін жатқа оқымасам да  біразы санамда сайрап тұр. Менің  алдыға жылжып, осындай дәрежеге жетуіме Шәкәрім өлеңдерінің ықпалы мол болды,  – дейді  «Самал»  сауда орталығының директоры  болып  қызмет  атқаратын  Бағлан Ерғали.  

Жасаған жақсылығын көпшілікке жария етуді жаны сүймесе де елдің мұң-мұқтажына құлақ түріп, қолдан  келгенше қарекет етіп, қандай істе де  көмек беруден тартынбаған  кейіпкеріміз сөзін  Шәкәрім ақынның   мына бір өлеңімен түйді. 
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсiңе билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды,
Нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз  қалдырсаң –
Шын бақыт‚ Осыны ұқ, Мәңгiлiк өлмейсiң!

Сарби ӘЙТЕНОВА,
Көксу ауданы

 

Қатысты жаңалықтар

12 қыз, 12 алтын

АЗИЯНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

24.05.2025
12 қыз, 12 алтын

12 қыз, 12 алтын

24.05.2025
Армандар орындалған күн

Армандар орындалған күн

24.05.2025
БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

24.05.2025
Алқаптағы алқалы жиын

Алқаптағы алқалы жиын

24.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.