Еліміздің су басып жатқан аймақтарына қолдау көрсету бойынша қайырымдылық іс-шаралары әлі де тоқтаған жоқ, нақты көмектер жалғасуда. Ірі компаниялар мен кәсіпорындар тарапынан жіберіліп жатқан гуманитарлық көмекпен қатар жекелеген адамдар да қаржылай көмек көрсетуде.
Жалпы алғанда қайырымдылық деген ізгі қасиет қазақтың қанында бар дүние екені белгілі. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу адамгершіліктің көрінісі екенін уақыт өзі көрсетіп отыр. Бәрі адамның ниетіне байланысты десек, «адамға көмектессем» деген ниет болашақта жақсылық әкеледі деген наным бар.
Жан-жақтан еліміздің батыс өңірлеріне жіберіліп жатқан гуманитарлық көмектен біздің Жетісу өңірі де тыс қалған жоқ. Аталмыш өңірлерге бірнеше мәрте үлкен салмақты көліктермен халық тұтынатын тауарлар және басқа да қажетті дүниелер, құрылыс материалдарына дейін жөнелтілуде. Жетісулық ағайын бір күндік еңбекақысын арнайы есепшоттарға аударса, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар қаржылай демеушілік көмегін жасап жатыр.
Солардың ішінде «Қазақ билері» алқасы қоғамдық бірлестігінің Жетісу облысы филиалының төрағасы Саржан Ержұманов жеке өз каржысынан 1 млн.теңге, Жетісу облысы ішкі істер органының ардагерлер кеңесі 2 млн. 500 мың теңгені су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жіберді.
Сауапты іс атқарған азаматтардың ізгілікті істерімен, қолдағы барымен ел басына түскен ауыртпалықты бөлісуге атсалысуы ізгіліктің, ауызбіршіліктің көрінісі екеніне тағы бір дәлел осы.
Баян ТАҢАТАРОВА
Фото: azattyq-ruhy.kz