Қазақстанда 12 желтоқсан күні бірқатар өңірлерде қолайсыз ауа райы болады.
Алдымен Жетісу облысына тоқталсақ, Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетіп, одан да күшеюі мүмкін. Мамандар тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді.
Еліміздің басым бөлігінде қар жауып, боран соғады. Батыс және оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түседі, тұман мен көктайғақ байқалады. «Солтүстік, шығыс және оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында боран күшейеді, ал оңтүстік, батыс және орталықта көктайғақ болуы мүмкін», – деп мәлімдеді «Қазгидромет».
Солтүстік антициклон ықпалында болатын елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында ғана күн ашық, жауын-шашынсыз болады.
Мамандар жолда абай болуды, мүмкіндігінше ұзақ сапарларды кейінге қалдыруды, ал жүргізушілерге көліктерін қысқы жағдайға бейімдеп жүруді ескертеді.





