Мерекелік күндердің тізбесіне «Әкелер күнін» енгізу елімізде отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, әкелер институтын дамытуға ықпал етеді. Айтулы күнге орай облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Jetіsý jastary» және Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторларының ұйымдастыруымен «Қазіргі қоғамдағы әке институтының рөлі мен өзекті мәселелері» деген тақырыпта әкелер кеңесінің төрағаларымен кездесу өтті.
Ұрпақ тәрбиесі, шаңырақ шаттығы, отбасы берекесі жайлы сөз болғанда шағын мемлекеттегі қарым-қатынастың жібі үзілуге шақ қалғаны туралы жиі айтылады. Әсіресе, асқар тауға, алып бәйтерекке теңеген төрдегі ӘКЕ МӘРТЕБЕСІНІҢ кейінгі жылдары төмендеп кеткені көңілге көлеңке ұялатады. Дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер» дейді. Ал бүгінгі ұлдарға тәрбие беретін әкелер теледидар мен телефонның көлеңкесінде қалып қалды десек артық айтқандық болмас. Зерделеп қарасақ,
«Әке – асқар тау,
ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген.
Ал қазір…
«Қазіргі қоғамдағы әке институтының рөлі мен өзекті мәселелері» деген тақырыпта ел ағалары төмендегіше ой қорытты.
Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:
– Біз тегінде ұлттық тәрбие жайлы көп айтамыз. Алайда соңғы кездері ұлттық тәрбиенің қаймағы бұзылды. Бұрын үлкенге құрмет, кішіге ізет, туыс-туғанмен араласу секілді адамзат баласына ортақ құндылықтар бар еді. Қазір құндылықтар әртүрлі. Ауылда отырған адам үшін құнды нәрсе қаладағы адам үшін маңызсыз болуы мүмкін. Жастардың арасында да айырмашылық бар. Ауылдан келген бала мен қалада өскен баланың құндылықтары жер мен көктей.
Бұрын баланы жұмсап тәрбиелейтінбіз. Көршінің баласы болса да жұмсай қалсақ, шауып барып айтқанымызды істесе бата беріп, әкесін мақтап, баланы бір марқайтып қоятын едік. Қазір өзге түгіл өз балаңды жұмсай алмайсың. Баланы тәрбиелегенде әкесін мақтап, оның жақсы әдетін, еңбекқорлығын айтсақ бала шаттанып, әкесіне ұқсауға тырысады. Біз осы көзге көрінбейтін, бірақ мол жеміс беретін дүниеден айырылудың аз-ақ алдында тұрмыз. Қазіргі әкелер бала тәрбиесіне уақыт таппайды. Есесіне моншадан, бильярд ойнаудан, достармен басқосудан қалмайды. Басқаға уақыт таппасақ та балаға алтын уақытымызды арнауға міндеттіміз. Біз бүгін балаға көңіл бөлмесек, ертең перзентіңнен жақсылық күтудің өзі артық. Еврейлер балалары сәл қателессе: «Сен мұны біліп тұрсың. Тек ұмытып қалдың. Есіңе түсірші. Сен бәрін білесің» деп тәрбиелесе, біз «Сен, ақымақ, ештеңе білмейсің. Ес жоқ сенде. Албасты» деп баланың жер-жебіріне жетеміз. Ал осындай жігерсіз, рухсыз сөзді естіп өскен баладан не күтуге болады? Содан кейін тағы бір үлкен мәселе бар. Біз балаға есім берсек соны мың түрлендіріп аламыз. Мәселен, Ерасыл деп қойсақ ол бала перзентханадан шыққан сәттен бастап Ероха, Ероша болып өзгереді. Ата-анасы «ұлым батыр, Ерасыл атасындай мықты болсын» деп ырымдайды, бірақ батырды бір сәтте-ақ Ерохаға ауыстырып жібереді. Жақсыға ырымдадық па, соңына дейін батыр, ержүрек, рухты азамат болып өсуін бірінші ата-ана өз жауапкершілігіне алуы тиіс.
«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле». Осы аталы сөзді әрбір әке терең сезінсе екен. Жақсы ой, жақсы сөзбен ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелей берейік. Әке мәртебесі ешқашан да төмендемесін.
Асхат СЕЙДЕНҰЛЫ,
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары:
– Облыста әкелер одағы құрылғалы біршама жұмыс атқарылды. Соңғы жылдары облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобасының оқушыларды адамгершілік-құқықтық тәрбиелеу жөніндегі пилоттық жобаның берері мол. Соның нәтижесінде әр мектепте әкелер одағы құрылды. Арзан сөз, жауапсыз іс, қалжың көп қоғамда бала тәрбиесі кезек күттірмейтін ең басты жұмысымыз болуы тиіс. Бала тәрбиесіне отбасында ата-ана, мектепте ұстаз жауапты. Жалпы балалардың мектеп жиналысына тегінде 90 пайыз аналары барады. Ал әкелер түздің адамы болғандықтан табыс тауып, баланың көйлегі көк, қарыны тоқ болуын қамтамасыз етеді. Осылай жүріп әкелер бала тәрбиесін назардан тыс қалдырды. Көпке топырақ шашуға болмайды. Баласының дені сау әрі тұлға болуына атсалысып жүрген әкелер бар. Біздің мақсатымыз – осындай әкелер институтын қалыптастыру. Үйдегі анасы баласына әкенің өсиетін әрқашан айтып жүру керек. Түзде жүрген әке де заманның мүмкіндіктерін пайдаланып, бір телефон соғып, балаларымен қарым-қатынасты үзбеуге тиіс. Бала психологиясын түсінбейтіндер көп. Бірақ бала тәрбиесіне қатысты кітап оқып, өз-өздерін тәрбиелеуге, жұмыс істеуге мүмкіндік жетерлік. Бүгінгі балалар үшін әке қаһарман емес. Олардың қаһарманы гаджетте. Өйткені олар балаларымен әртүрлі әлемде өмір сүреді. Егер қазір отбасында қорғаушы, жауапты адамды тәрбиелемесек, ертең елдің жоғын жоқтап, барын бағалайтын әке тәрбиелей алмаймыз. Өйткені отбасын тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелейміз.
Қанат МАРАТҰЛЫ,
дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының дінтанушы-психологі:
Ақыр заман халқының
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Мөңке би бабамыз қалай керемет жеткізген?! Міне, біз дәл осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осынау қиын кезеңнен баламызды қалай аман-есен алып шығамыз деп уайымдауымыз керек. Қазір әскери салада жастармен жиі кездесіп, оларды шамамыз келгенше жігерлендіріп, рухтандырып жүрміз. Бірақ бүгінгі ұрпақ тым әлсіз екеніне күн сайын көз жеткіземіз. Жастар арасында әскерден қашу көп. Әскер қатарындағы жігіттер етік киіп, аяқтарын қажап, күп боп ісіп кеткен. Санитарлық ем алып жатқандары қаншама? Елін қорғайтын ердің бүгінгі күйі осы. Ант қабылдау кешіне 90 пайыз келген аналар баласы үшін шырылдап жүр. Ал әкелер ше?…
Қазір бала тәрбиесімен айналысатын тек аналар. Бәріне топырақ шашуға аулақпын. Десек те баланы тәрбиелейтін ана, балабақша, мектепте ата-аналар жиналысына баратын да ана, оқу орнына түскенде сабақ беретін ұстаздары нәзік жандылар. Осылай жүріп әскерге аттанып нағыз ер азаматтардың ортасына түскенде ол жігітке ауыр соққы болады. Әке институтын қалыптастырып, нығайтамыз десек, отағасы өзінің жауапкершілігін терең сезініп, ауыртпалықты арқалай білуі керек.
Мысалы, көшеде көлігімізді сырып кетсе полиция шақырып, заң тұрғысынан дауласып, ақысын өндіріп аламыз. Ал балаларымызды сырып, бұзып жатқан телефон екенін білсек те еш шара қолданбаймыз. Әке мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі, қарым-қатынастың сиреуі орасан олқылыққа ұрындырады. Расында да бүгінгінің баласына әкесінің ақылы, анасының мейірімінен бұрын гаджеттегі жылтырақ әлем жақын екені айқын. Бала тәрбиесі жөнінде Абай атамыз: «…Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Енді біз жақсы тәрбие беру үшін балаға жақын болуымыз керек. Баланы телефон емес, әке-шеше тәрбиелеп, рухани байытып, обал, сауапты, мейірімділікті бойына сіңіруі тиіс.
Біз өзімізбен бірге сол ұлттық құндылықты алып кетпей, келер ұрпаққа үйретуіміз керек.
Әке институтын қалыптастыруда баласының тәрбиесіне жауапкершілікті арқалай білу – отағасының бұлжымас міндеті. Отбасынан басталатын Отанның отын өшірмеуде әкелік институттың арқалар жүгі ауыр. Әр әке соны ұғынуға тиісті. Қоғамның қажет ететіні де – осы.
Еңлік Кенебай