Қазақстанда жыл сайын 15 сәуірде махаббат мейрамдардың бірі – Қозы Көрпеш — Баян Сұлу күні атап өтіледі. Бұл күн қазақ халқының эпикалық махаббат хикаясына негізделген ғашықтар күні, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл мейрам Валентин күнінің ұлттық баламасы ретінде қалыптасқанымен, оның мәдени және тарихи маңызы әлдеқайда терең. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу — махаббаттың мәңгілігін, адалдық пен рухани берік байланысты бейнелейтін кейіпкерлер. Бұл күн махаббатты, шынайы сезімді және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше мейрам ретінде кеңінен танылып келеді.
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді. Қозы мен Баян эпосы Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.
Деректер бойынша, бұл мерекені атап өтуді Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп, дәл осы күнге қойылған болуы керек.
2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы аталмыш күнді Ұлттық ғашықтар күні ретінде ресми іс-шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауық іс-шарасын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.





