Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасына енгізілген өзгерістер, атап айтқанда ҚҚС мөлшерлемесінің 16% деңгейіне дейін көтерілуі жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшы Әмір Имамбаевтың пікірінше, биылғы жыл нарық үшін өтпелі кезең болмақ. Салықтың өсуіне қарамастан, баспана бағасының күрт қымбаттауы немесе құлдырауы байқалмайды. Дегенмен, сату-сатып алу келісімдерінің саны 20-30% төмендеуі мүмкін. Мысалы, Астана қаласында жыл соңына дейін 100 000 жуық келісімшарт жасалады деп болжануда.
Сарапшылар 2026 жылы нарықта мынадай негізгі өзгерістер болады деп есептейді:
-
Бағаның қалыпты өсуі: ҚҚС өсіміне байланысты бағалар 8-10% төңірегінде көтерілуі мүмкін. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларында өсім байқалады.
-
Жобалардың азаюы: Құрылыс салушылар жаңа тұрғын үй кешендерін аз салады, бұл қолжетімді баспана тапшылығына әкелуі ықтимал.
-
«Шринкфляция» әсері: Пәтерлердің жалпы құнын қолжетімді деңгейде сақтау үшін құрылыс компаниялары шаршы метрді азайтып, шағын пәтерлерді көбірек сала бастайды.
Баспананы қашан және қалай сатып алған тиімді? Мамандар екінші деңгейлі нарықтан (вторичка) үй іздегендерге жылдың басын таңдауға кеңес береді. Бұл уақытта сұраныс төмен болып, сатушылар бағаны түсіруге (саудаласуға) бейім келеді. Ал жаңадан салынып жатқан үйлерді құрылыстың бастапқы кезеңінде немесе жеңілдіктер көп болатын жазғы маусымда қарастырған жөн.
Сонымен қатар, сарапшылар бағаның арзандығына алданып, рұқсат құжаттары жоқ күмәнді жобаларға инвестиция салудан сақтандырады. Бұл үлескерлердің алданып қалу қаупін арттыруы мүмкін.





