Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және оны азайту бағытындағы шаралар күшейтілді. Үкіметтің мәліметінше, соңғы жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістер мен цифрлық бақылау құралдарының арқасында мыңдаған заңсыз ойын платформалары жабылып, жүздеген мың азамат құмар ойындарға қатысуына өз еркімен шектеу қойған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында лудоманияның қоғам денсаулығы мен әлеуметтік жағдайға әсерін төмендету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Үкіметтің дерегіне сәйкес, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 55 мыңнан астам заңсыз интернет-казино бұғатталған. Сонымен қатар букмекерлік кеңселердің 2 мыңнан астам жарнамалық құрылғысы демонтаждалған.
Соңғы жылдары құмар ойындар саласын реттеуге қатысты бірқатар маңызды шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, Бірыңғай борышкерлер тізіліміндегі азаматтардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салынды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылды. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы қысқартылып, жарнамалық SMS-хабарламаларды таратуға тыйым салынды.
Лудоманиямен күрестегі маңызды құралдардың бірі – электронды үкімет порталындағы өзіне-өзі шектеу қою қызметі. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бұл сервис арқылы 463 829 азамат өтініш берген. Оның ішінде 224 793 өтініш немесе 48 пайызы әлі де белсенді күйде тұр. Бұл көптеген азаматтардың құмар ойындардан саналы түрде бас тартуға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар өзіне-өзі шектеу қою мерзімі 10 жылға дейін ұзартылған. Ал заңмен тыйым салынған тұлғаларды ойынға жіберген ұйымдастырушылар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген.
Үкімет лудоманияның алдын алу жұмыстарын жастар арасында да жүргізіп жатыр. Мектептерде «Қауіпсіздік сабақтары» енгізіліп, оқушыларға түрлі тәуелділіктердің, соның ішінде құмар ойындардың зияны түсіндірілуде.
Премьер-министрдің айтуынша, құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.





