Талдықорғандағы «Ардагерлер үйінде» облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен мазмұнды шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бұл қатарда облыс көлемінде өткен Батагөйлер байқауын, осы жақында ғана Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұйымдастырылған спорттық жарыстарды атауға болады.
Осы аптаның ортасында, яғни сәрсенбінің сәтті күні сондай шаралардың бірі – жыр мүшәйрасы Талдықорған қаласының ардагерлері арасында өткізілді. Мемлекеттік рәміздер тақырыбына арналған жыр додасына жанына өлеңді серік еткен ақ шашты ақсақалдар мен ақ самайлы әжелер қатысты.
Осы жерде мұндай маңызды шараның бұған дейін де жыл сайын өткізіліп келе жатқанын атап өтпей болмайды. Оған өлең өлкесіне анда-санда ат ізін салып қоятын қариялармен қатар бұған дейін бірнеше кітабы шыққан, соған орай қолтаңбасы қалыптасып, оқырманға белгілі болып қалған ақындар да қатысатын. Демек, жүлденің дені де көп ретте «кәсіби» ақындарға бұйыратын.
Мұның өзі қатысушылардың бірқатарының ренішін де туғызбай қоймады. Бұл жолы осы жайт ескеріліп, жыр мүшәйрасына жазумен кәсіби түрде айналысып жүрген қаламгерлер қатыстырылмады.
Көптен күткен жыр бәйгесі қариялар хоры орындаған «Ардагерлер гимнімен» басталды. Сөз орайы келгенде аталған шығарманың сөзін ақын Жангелді Немеребайдың жазғанын, ал әнін әнші-сазгер Бақберген Асқарбековтің шығарғанын да айта кетейік.
Шара барысында үміткерлердің бәрі өлеңдерін оқып, жан жүрегінен шыққан шығармаларын әділқазылар алқасы мен жиналған көпшіліктің талқысына салды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, нәтижесінде Нұртай Уәлиқызының «Рәміздерім – елдігімнің нышаны» атты өлеңі бірінші орынға лайық деп танылды. «Көк Туым» атты өлеңін:
Басымды енді бүтіндеп,
Жоғымды жоқтар жетті күн.
Сағынып келген қандаспын,
Қамқорым болшы, көк Туым! – деп түйіндеген қандас ағайын Молшабек Кәдіржан екінші орынды иеленді. Ерболған Бектенов пен Асхат Исатаевқа жүлделі үшінші орын берілді.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, тақырыпқа орай өлең жазып, жыр додасына араласқан Тұрсынай Мұсабекова мен Серікбай Естібайұлы, Серікбай Тұрлан, Сембек Абдрахманов, Құралай Мұсановалар бұл жолы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі ақын Жангелді Немеребай мен Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің иегері ақын Айдын Кәлімхан қазылық жасады. Шара барысында әділқазылар алқасының төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым мүшәйраға келіп түскен өлеңдерге шолу жасап, жалпы өлеңге қойылатын талап жайында айтып өтті.
Жыр додасын қорытындылаған Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков өткен кезең ішінде атқарылған жұмыстарға тоқтала келе қарияларды алдағы уақытта мұндай шараларға белсене қатысуға шақырды.
Облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Райхан Серғазинова сөз алып, жалпы ұйым жұмысы, алда тұрған міндеттер жайында айтып өтті.
Жүлдегер атанып, ынталандыру сыйлығына ие болған барлық қариялар көпшілік алдында марапатталды. Жұртшылық көңілінен шыққан шара Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков жетекшілік ететін Ардагерлер хорының ән шашуымен түйінделді.
Ендігі жыр мүшәйрасы биылғы жылдың тамыз айында ұлы Абайдың 180 жылдығына орай өткізілмек.
Нүсіп ДОДАБАЙҰЛЫ
Талдықорған қаласы