Отқа оранған үйден қарт кісіні құтқарып қалған Қарулы Күштердің әскери қызметшісі ведомстволық медальмен марапатталды.
Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты №18404 әскери бөлімінің сержанты Ерік Қасымбеков Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Осы жылдың 18 қаңтарында Талдықорған қаласы Красин көшесіндегі 5 қабатты үйде электр сымдарының тұйықталуынан өрт шығады. Сол күні жөндеу ротасы бөлімшесінің командирі Ерік Қасымбековке нарядта қызмет атқарғаны үшін демалыс берілген. Үйінің маңынан шыққан айғайды естіген ол тез арада пәтерінен жүгіріп шығады. Әскери қызметші көршілерінен қарт кісі тұратын пәтердің жанып жатқанын естіп біледі. Ерік Қасымбеков еш ойланбастан пәтерге кіріп, үйдің ішінен 84 жастағы әжені қауіпсіз жерге алып шығады.
Әскери қызметшінің бұл батыл әрекеті назардан тыс қалмады. Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы, подполковник Игорь Жуков Ерік Қасымбековті салтанатты жағдайда марапаттады.
– Қарулы Күштер әскери қызметшісінің батыл қимылы адам өмірін сақтап қалды. Ол отқа оранған пәтерден 84 жастағы әжені алып шықты. Оның жанқиярлық әрекеті ескерілмей қалған жоқ. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Ерік Қасымбеков ведомстволық медальмен марапатталды, – деді облыстық департамент өкілі.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





