Елімізде алғаш рет бірқатар ауыл шаруашылығы агрегаттарының өндірісі іске қосылды.
Көкшетау қаласында орналасқан «ҚазАгроМаш» зауыты ені 11 және 15 метр қопсытқыштардың, кеңалымды таптауыштар мен дискілі және орташа серіппелі тырмалардың өндірісін бастағаны туралы хабарлады. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, енді фермерлерге шетелдік өнім берушілеріне тәуелді болып, импорт үшін артық ақша төлеп және жеткізілімді ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ. Бұл еліміздің бүкіл аграрлық секторы үшін алға басқан үлкен қадам.
Айта кетейік, ауылшаруашылығы агрегаттары мен құрал-жабдықтарын шығаратын «ҚазАгроМаш» зауыты өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Ол кезеңде оның қуаты жылына 150 бірлік ауыл шаруашылығы жабдықтарын құрады. Бастапқыда өндіріс желісін ұлғайту жоспарымен кәсіпорынның өндірістік желілерінде сыдыра жыртқыштар, таптауыштар, соқалар, дискілік тырмалар және тіркемелер сияқты 6 түрлі құрал-сайман шығарылған.
– Біраз жыл қазақстандық фермерлер ауылшаруашылығы агрегаттарын шетелден сатып алуға мәжбүр болды. Бұл көп шығын, ұзақ жеткізу уақыты және бөлшектермен байланысты қиындықтар. Сонымен қатар, басқа елдерде әзірленген техника әрдайым Қазақстанның климаттық және топырақ жағдайларына сәйкес келе бермейді. Енді бұл мәселе шешілді. Ел ішіндегі негізгі ауыл шаруашылығы агрегаттарының өндірісі техника құнын үнемдеуге, қосалқы бөлшектердің кепілдендірілген қолжетімділігіне, жергілікті жағдайларға бейімделуге, сондай-ақ мемлекеттің қолдауына байланысты жаңа мүмкіндіктер ашады. Өйткені отандық техникаға 30% субсидия беріледі, – деді «ҚазАгроМаш» зауыт директоры Виталий Борко.
Зауыт мамандары берген ақпаратқа сәйкес ені 11 және 15 метр тұтас қопсытқыштар қазақстандық фермерлерге егістіктерді өңдеуге, топырақты қопсытуға және химияны қолданбай арамшөптерді жоюға көмектеседі. Кеңалымды таптауыштар егіс алдында топырақты дайындауда таптырмас құрал. Олар топырақ құрылымын жақсартады және ылғалды сақтауға ықпал етеді. Қармау ені 8 метрге дейін баратын 2 және 4 қатарлы дискілік тырмалар – топырақты қопсыту, арамшөптерді жою, егін жиналғаннан кейін өсімдік қалдықтарын өңдеу үшін қажет.
«ҚазАгроМаш» зауыты жаңа техниканың барлық мүмкіндігін биылғы жазда еліміздің ең ірі агроөнеркәсіптік көрмелерінде көрсетуге ниетті.
А. Байжұмақызы
Фото: kz.kursiv.media





