Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облысында жүзеге асып жатқан «Жетісу әкелер мектебі» әлеуметтік жобасының мазмұны мен алғашқы нәтижелері таныстырылды. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексеитова мен «Өрендер» академиясы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жоба жетекшісі Бақыт Қалиева қатысып, бастаманың маңызына тоқталды.
Бақыт Асанқызының айтуынша, жоба биыл жүзеге асып, өңірдің бірнеше ауданында алғашқы кездесулер ұйымдастырылды. Бұл басқосуларда әкенің отбасындағы орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, қазіргі қоғамдағы тәрбиелік сын-қатерлер кеңінен талқыланып, әкелер арасында тәжірибе алмасу алаңы қалыптасқан.
Ал Жанерке Бейбітқызының сөзінше, отбасы институтын нығайту – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әсіресе, әкенің тәрбиелік рөлін арттыру қоғам тұрақтылығы мен ұрпақ сапасына тікелей әсер етеді. Осыған орай, аталған жоба өңірде жүйелі түрде қолдау тауып, мазмұндық тұрғыда да, ұйымдастырушылық деңгейде де кешенді түрде іске асырылып жатқаны атап өтілді.
Жобаның нақты жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін Жетісу облысының 8 аудан мен 2 қаласында кемінде 100 кездесу өткізу көзделген. Әр өңірде 10-нан кем емес басқосу ұйымдастырылып, оған ата-аналар кеңінен тартылады. Сонымен қатар, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту мақсатында 30-ға жуық спорттық іс-шара өткізу жоспарланған.
Білім беру ұйымдарында да ауқымды түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Мектептер мен колледждерде «Отбасындағы ер адамның рөлі», «Жауапты әке болу» тақырыптарында кездесулер өткізіліп, жыл ішінде олардың саны 100-ге жуықтайды деп жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар әкенінің рөлін арттырып, тәрбиеге белсенді қатысуға негізделген.
Жоба аясында әлеуметтік бейнероликтер әзірленіп, олар «Әке күні» қарсаңында көпшілік назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар, отбасылық сипаттағы бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылып, әке мен бала арасындағы рухани байланысты күшейту көзделген.
Маңызды кезеңдердің бірі – өңірлік әкелер форумы. Жыл соңында өтетін бұл жиынға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан кемінде 500 адам қатыспақ. Форум барысында үздік әкелер марапатталып, тағылымды тәжірибелер ортаға салынады.
Жобаның нысаналы көрсеткіштері де айқын, кемінде 1000 әке мен ұл баланы қамту, қатысушылардың 70 пайыздан астам отбасы тәрбиесіне белсенді араласу деңгейінің артқаны деп есептеледі.
Қазақ қоғамында әке – шаңырақтың тірегі, ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындайтын темірқазық. Оның беделі биік болған жерде тәрбие де тұғырлы болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, «Жетісу әкелер мектебі» жобасы – ұлттың рухани негізін бекемдеуге бағытталған маңызды бастама.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





