Облыс орталығында ағаш отырғызу науқаны қызу жүріп жатыр. Жоспар ретімен орындалып, сән беретін түрлі ағаштар көше бойына қаз-қатар егілуде. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, Ілияс Жансүгіров көшесінің бойына және орталық саябақ аумағына бір күнде 210 көшет егілді. Әлі де ағаш отырғызу, гүл егу, абаттандыру жұмыстары ретімен орындала бермек.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша қазір 768 ағаш отырғызылыпты. Оның 578-і қылқан жапырақты және 190-ы жапырақты ағаш. Олар қалалық жағажай, Жеңіс саябағы, «Ұлан» шағынауданы, «Көктем» сквері, «Ардагерлер» саябағы, «Коммунальник» саябағы, Әшімов көшесіне отырғызылды. Сондай-ақ, Еркін ауылындағы тәлімбаққа 12 100 дана көшет отырғызу жоспарлануда. Көшеттер Үйгентас, Үштөбе, Қапал, Жаркент, Алакөл тәлімбақтарынан алынады.
Биыл қала бойынша жалпы 12 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Оның 2 мыңға жуығы көктемде отырғызылып, 10 мыңнан астамы күзде егілмек. Сонымен қатар, қаланы көгалдандыру жұмысы аясында биыл 80 мың түп гүл егіледі.
Қали АСҚАР
Фото: Аяулым Шынгаева