Егемен елдің мың жылдық ғұмыр сүрлеуіндегі барақатты шақ үшін алмағайып заманда ұлт болып ұйысудың ұйытқысына айналған, қазақ қоғамын қымтаған қараңғылық бұлтына жасындай тиген Алаш арыстарының айшықты ізі тарих түкпірінен маржандай жарқырар шақ туды. Қараңғылықтың кегіне күн болмаққа серт еткен сірі демді ел серкелері көксеңке құрсауды күлпарша етудің ең басты қаруы сөз өнері екенін біліп, ел санасын шым-шым тарих, шежіремен сусындатып, болашақ беталысын бағамдар баспасөзді қолға алып, «Қазақ» газетін шығарды.
2023 жылы қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихының негізгі арнасын түзген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялыларының есіл өмірімен сабақтасқан, есімімен ұштасқан «Қазақ» газетінің шыққанына 110 жыл толды. Осынау тарихи сәттің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық басылым күнін жылнамамыздың жаңа мерекесі ретінде мөрлеп берді.
«Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күн осылайша Ұлттық басылым мерекесі ретінде тарихымызбен қайта тұтасты. Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде айтқандай кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан баспасөз қызметкерлері үшін бұл күннің маңызы ерекше.
Толайым тарихтың тобығына тоң жүгірткен кешегі солақай саясаттың салдарынан ұлттық құндылықтардың дәнегін шаң қауып, өзегіне қақ тұрды. Тарихи жады уланды. Уқорғасын ішкендей ұлт деп сөйлеуден шіміркенер шақ туды. Бір халықтың түпсанасы мен бейсанасына жатақ, қараша, қайсақ сөздерін сыналап еңгізіп, екінші сұрыптағы жұрт ретінде тұрмысын малмен тұтастырып, тірлігінен білім-ғылым нұрын алшақтатпаққа қам қылды. Сол кезеңде кеудесін өкпек желге керіп, көкірегін аязға тосқан арманшыл Алаш арыстары мұнар сейілтер, қырдағы қазағының көзін ашар үттей сәулені сөз өнерімен қуаттандырды. Осылайша бүгінгі егемендіктің, ұлт, халық ретінде еңсе тіктеудің ең алғашқы алғышартын баспасөзбен бекемдегенін ұмытпай, адамзат баласы өмірінде БАҚ-тың маңызын ұлықтаудың бұл да бір ұтымды тәсілі деуге негіз бар.
Ақиқатын айту керек, қазақ баспасөзі егемендік алғаннан бері де кешегі құндылықтарды қастерлеуде айрықша із қалдыруда. Мемлекеттің саяи жағдайын, әлеуметтік-экономикалық белесін, жылдар қойнауындағы бірегей істер мен берекелі бастамалардың бәрін шежіреге шегендеп, жылнамаға түзіп келе жатқан негізгі арна – Ұлттық басылым. Жақсылығы мен қыиыншылығы қатар шапқан қоғамдағы әрқалай істің де ара-жігін ажыратар, тарихи сипатқа ие оқиғаларды салмақтар, жаһан жаңалығына да сырлы сараптама жасар қазақ баспасөзінің қуаты кеміген емес. Дегенмен құндылықтар орыны ауыса бастаған бүгінгідей шақта газет-журналдың ойлы оқырманы күрт кеміп бара жатқаны да жасырын емес. Ел саясатын, мемлекеттік қаулы-қарарды, тарихи шешімдерді, Мемлекет басшысының Жолдауы мен саяси мақалаларын, кемел елдің келешегі мен ұлт болашағын айқындайтын, тарихынан тұнық, танымынан мөлек дүние ұсынар басылымды ешбір құндылық ауыстыра алмайтыны хақ. Осы ретте мемлекет мерекесіне қосылған Ұлттық басылым күні барша қаламгерді, журналистерді, озық ойлы оқырманды қуантқан болар деп ойлаймыз.
Алаш аманатын арқалаған басылымның бірегейі болған «Jetisý» газетінің жарық көргеніне биыл 106 жыл. Арыстардың қолтаңбасы қалған басылым «Қазақ» газетінен 5 жыл кенже шыққанымен ұлылар үнін жалғауда абырой бИігінен төмендеген емес. Тәуелсіздіктің де тарихи оқиғаларын таңбалап, өңірлік емес өрісі ортақ елдік мәселелерді де күнқұрғатпай оқырманға ақжолтайлауда. Осы ретте айта кететін дүние, егемендік алған жылы 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шыққан екен. Биылғы есеп бойынша елімізде 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985-і мерзімді баспасөз басылымы. Осы тұрғыда «Қай елдің баспасөзі мықты болса сол елдің болашағы зор» деген Міржақып Дұлатұлының аталы сөзі ойға оралады. Ендеше, 20 миллионға жеткен халқымыздың таным көкжиегін кеңейтіп, ақпаратпен қамтамасыз ететін, мәдениет пен өнердің, саясат пен әлеуметтік-экономиканың елеулі жаңалықтарын күн құрғатпай оқырманға ақжолтайлайтын қазақ қаламгерлерінің ортақ мерекесі мыңжылдыққа ұласар құнды мейрам болсын демекпіз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: uztag.info





