31 мамыр – Қазақстан халқы үшін санадан өшпес, көкейден кетпес қаралы күн. Ұлт болашағы үшін бас көтеріп, кеудесін оққа тосқан Алаш арыстарын еске алып, ашаршылықтың құрбанына айналған сан миллион адамзаттың рухына тағзым ету – қоғамға ортақ парыз іс. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Жаңалықтағы мемориалға жұрт биыл да көп жиылып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Тарихқа таспаланған зобалаң жылдардың құрбандарын толық ақтау жұмыстарын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырған болатын. 31 мамыр – азалы күнге байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Үндеуін жариялап, атылып кеткен арыстарды ел-жұрт болып мәңгілік есте сақтайтынымызды айтты.
Жаңалық ауылындағы қаралы жылдарды еске салатын еңселі ескерткіш басындағы қаралы митингте сөз алған Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов:
— Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт өтсе де тоқтамауы тиіс. Жалпы, тарихшылар дерегіне сүйенсек, 1929-1953 жылдары Кеңес Одағында 40 миллионнан астам адам саяси қуғын-сүргін құрбаны болған. Солардың қатарында Алаш көсемдері де кеудесін оққа тосып, ажал құшты. Кінәсіз атылып, осы маңайдағы шұңқырларда беттері шала-шарпы жабыла салған сол аяулы арыстарымызды арулап қайта жерлегеніміз, бастарына белгі орнатып, жыл сайын дәл осы күні еске алып, тәу етуге жиналатынымызды бабалар алдындағы мәңгілік парызымыз деп білеміз. Ескерткіштің жанынан арнайы мешіттің бой көтеруі бекер емес, осы жерде жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандары мен жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына құран бағыштап, еске алу біздің боздақтар алдындағы қасиетті борышымыз, – деп атап өтті.
Зобалаң жылдардың құрбаны болған Алаш зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің ұрпақтары да ет жақындарының, халқымыздың бастан өткерген адам төзгісіз қиындықтарын тілге тиек етті және мұндай қайғы-қасіреттің қайталанбауын тіледі.
Қаралы жиын соңында аудан имамы әруақтарға арнап құран бағыштады.
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы
Алматы облысы





