Соңғы жылдары Талдықорған қаласындағы әлеуметтік дүкендер халықты қолдаудың тиімді тетігіне айналды.
Азық-түлік бағасының құбылмалы кезеңінде мұндай сауда орындары, әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін аса маңызды тірек. Қазір қалада бірнеше әлеуметтік дүкен желісі жұмыс істейді. Онда ұн, қант, нан, күнбағыс майы, күріш, қарақұмық, жарма, картоп, пияз, сәбіз, жұмыртқа, макарон және сүт өнімдері секілді күнделікті тұтынуға қажет әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері сатылады.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ желісі арқылы шаһардағы «Самал» шағын ауданында «JETI» деп аталатын тағы бір осындай сауда орнының тұсаукесері өтті. Аталмыш акционерлік қоғамның әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бақтияр Сембековтың айтуынша, мұндай сауда орындарының басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын делдалсыз нарық бағасынан төмен ұсыну арқылы оның негізсіз өсуіне жол бермеу.
Зейінгүл Өміржанқызы, қала тұрғыны:
Қалада тұратын зейнеткермін. Қазіргі уақытта бағаның күн сайын өсіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Әсірес, азық-түлік бағасы қалтаға салмақ түсіреді. Осындай кезде қалада ашылып жатқан әлеуметтік дүкендердің пайдасы зор. Нан, ұн, қант, май, жұмыртқа секілді тауарларды базардан немесе қарапайым дүкеннен алғанда бағасы біршама қымбатқа түседі. Ал әлеуметтік дүкенде осы тауарлар біраз төмен бағамен сатылады. Мұның бәрі мен сияқты зейнеткерлер үшін үлкен көмек.
Бүгінгі таңда әлеуметтік дүкендердегі баға нарықтағыдан орта есеппен 20-25 пайызға төмен. Бұл – халық қалтасына түсетін салмақты айтарлықтай жеңілдетеді. Алдағы уақытта да осындай сауда орындарын көбейту жоспарда бар. Бұл бастама – халыққа жақын болудың, әлеуметтік жауапкершілікті сезінудің жарқын көрінісі. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3,8 млрд. теңге, оның 1,4 млрд. теңгесі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, 2,4 млрд. теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті несие беруге қарастырылған.
Әлеуметтік дүкендер, сондай-ақ, нарықтағы бәсекелестікті де арттыруға үлес қосады. Себебі, төмен баға ұсынған сауда орындары өзгелерге де баға саясатын қайта қарауға ықпал етеді. Қала тұрғындары әлеуметтік дүкендердің пайдасын сезініп отырғанын айтады. Әсіресе, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар үшін бағаның бірнеше пайызға төмен болуы айтарлықтай көмек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





