Осы орайда жоғарыда атап өткеніміздей, өзінің немесе өзге тұлғаның ой-пікіріне, Ата Заң мәтініне жете мән бермей сөйлеу икемділігіне қарай басқаша насихаттап жүргендер де жоқ емес. Сондықтан, зиялы қауымның қатарында жүрген ардагер, қария ретінде ойымды Конституцияның l бөлімі 3-бабы «1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау» – деп нақты жазылғаны бойынша саралап көрейік.
Мемлекет құрушы қазақ ұлты үшін Егемендік пен Тәуелсіздік ғасырлар бойы арман болғанын, оның жолында қаншама ата-баба өзінің тағдырын келер ұрпағының болашағына арнап құрбан еткенін, қазақтың кең-байтақ жерін, оның байлығын жан-тәнімен қорғап, «аманат» етіп қалдырғанын жастардың санасына сіңіру – біздің парызымыз.
Жаңа Конституциямызда адам құқықтары мен бостандықтарын, заң мен тәртіп үстемдігін алға шығарып қамтамасыз етуі ел ертеңі баянды болуының басты кепілі. Жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыруды алға қоюы адамның теңдік қасиеті негізінде ауқатты өмір салтын қалыптастырудың сара жолы. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру дегені әр адамның өз әлемінің жауапкершілігі тұрғысында, өз Отанына деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында негізгі серпін берудің кемеңгерлігі. Қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік дегенге аса мән беруі «келісіп пішкен тонда келте болмас», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналық негізінде сонау заманнан бері ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатқан үрдісті халықпен қоян-қолтық араласып, жүзеге асыруды көздегені. Прогресс, білім құндылықтарын бекіту ғылым мен білімнің өрісін кеңейтіп, адамзат жетістігі ЖИ жүйесіне ұмтылған кезеңдегі білім құндылықтарын дамыта отырып, ғаламдық кеңістікке құлаш ұру деп түсінген дұрыс. Жоғары экологиялық мәдениет қалыптастырудағы жаңа заңнан аса жоғары орын табуы әлемдік үрдіс. Біз экологияны қорғау арқылы адамзат баласын сақтап қалатынымыз анық. Бүгінгі таңда Табиғат-ананың түрлі өзгерістерге ұшырауы мен бүлінуі кезеңінде ғалам бойынша экология мәселесі басты тақырыпқа айналып отыр. Осы мақсатта біз де бұл іске бейжай қарамай, табиғатқа қамқорлық танытып, экомәдениетімізді қалыптастыруымыз қажет.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдауға мән беру ұлттық құндылықтың өзгеріске ұшырамауына жол бермеу деген сөз.
«2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды», – деп нақтылауы адам капиталы – еңбек өнімділігінің сапасын және табысын арттыру жолында, экономикалық даму факторы ретінде оның білімі мен денсаулығы басты мүдде екенін Конституцияда нақты белгіленді. Өйткені адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, дана дарын-таланты, іскерлігі бүгінгі нарықтық қоғамдағы басты жетістік. Мемлекетімізде болып жатқан әлеуметтік және экономикалық өзгерістер XXI ғасырда білім мен ғылымды жаңа инновациялық технология бағытында дамыту қажеттілігінен туындап отырған шешім. Бұл орайда жаңа заманның «қажеттілік» деген жаңа термині ерекше көңіл бөліп қарайтын мүдделі ұғым екеніне назар аударуымыз қажет. Себебі, біздер жалпы қажеттілікті алға қойып, соған жету жолында нарықтық жүйе қағидаттарына қарай икемделуіміз керек.
Vl бөлім. 70-бап
Қазақстан Халық Кеңесі:
«1. Қазақстан Халық Кеңесі–Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган.
2. Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады.
3. Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі және қызметінің ұйымдастырылуы Конституциялық заңда айқындалады.
71-бап
Қазақстан Халық Кеңесі:
1) мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары;
қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту;
Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен бастама ұсынымдар әзірлейді;
2) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;
3) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді», – деген баптары бойынша да саралап көрейік. Мұнда «халқының мүддесі» деп ерекше мән берілген жүйеге тоқталғымыз келеді. Оған себеп – халықтың мүддесі қалай, қандай деңгейде жүзеге асып жатқанын халықтан асып ешкім де жақсы біле бермейтіні анық. Өйткені әрбір адам өз әлемін, өз құнын өзі ғана жақсы біледі. Егер оны жақсы біле алмаса қабілеті төмен толыққанды адам болып саналмауы мүмкін.
Мінеки, бұрындары көп ашық айтыла бермейтін кейбір мәселе ерекше назарға алынып, жаңа Конституцияда адам құндылықтарына, құқықтары мен бостандықтарына деген аса басымдық әрбір бапта қажеттілікке қарай жиі енгізілді. Қазақстан Халық Кеңесі ұлттық идеология, мемлекет пен халық мүддесіне сай қызмет атқаратыны айқындала көрсетілгендігі ел сенімі артып, үміті артқандығында.
«Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап», – деп тайға таңба басқандай жазылған бөлігіне де Қазақстан Халық Кеңесінің атқарар қызметі айрықша деп айта аламыз. Өйткені бұл ең жоғары дәрежелі жалпыұлттық диалог платформасы, заң шығару бастамасы құқығына ие консультативтік орган. Қоғаммен етене араласа жүріп өзінің қоғамдық келісімді, бірлік пен ынтымақты нығайту және де жалпыұлттық құндылықтарды ілгерлету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу миссиясын жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар орган. Заң шығарушы органға ұсыныс енгізу арқылы халық сенімін ақтайды. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатының жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Ендеше Жаңа Заң ұлт болашағының кепілі, заманның қажеттілігі. Халық ұсынысынан туған заң деуге толық негіз бар. Олай болса баршамыз 15 наурызда өтетін республикалық референдуға біркісідей қатысып, өз таңдауымызды жасайық.
Құрметбек Сансызбайұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі





