Алматы облысы әкімінің өкімімен Ертас Нұрлан Ертасұлы Жамбыл ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Ертас Нұрлан Ертасұлы 1980 жылы туған. Қазақ ұлттық аграрлық университетін инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын «MotoLink» ЖШС бастығы болып бастаған. Әр жылдарда Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, Жамбыл ауданы Теміржол, Мыңбаев селолық округтерінің әкімі, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2015 жылдың ақпан айынан осы күнге дейін Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болды.
Еске салайық, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Әлиев Бағдат Байшалұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жамбыл ауданының әкімі лауазымынан босатылды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





