Алматы қаласында Kcell, Ericsson компаниялары және «Мінбер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы тренинг өтті. Оқу бағдарламасы заманауи байланыс технологиялары мен журналистикадағы инновациялық құралдарды қолдану дағдыларын арттыруға бағытталды.
Семинар медиа саласы үшін маңызды бірнеше бағытты қамтыды. Ericsson компаниясының техникалық менеджері Азамат Кенжетайұлы мобильді желілердің дамуы мен 5G технологиясының маңызы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстандағы телекоммуникация тарихы Ericsson компаниясымен тығыз байланысты. Өйткені 1899 жылы Семей қаласында дәл осы компанияның жабдықтарымен алғашқы телефон станциясы орнатылған.
Спикер телекоммуникация жүйесінің жұмыс істеу принциптеріне де тоқталды.
– Ұялы байланыс пен интернет – сағат, смартфон секілді құрылғылар арқылы адамды әлемдік желімен байланыстыратын күрделі жүйе. Бұл процесс пайдаланушыдан шыққан сигналдан бастап, қабылдаушыға жеткенге дейінгі антенналар мен серверлер арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда әлемде 8,8 млрд абонент бар. Оның үштен бірі 5G технологиясын қолданады. Ал 3G және 2G желілерінің үлесі біртіндеп азайып келеді. 2030 жылдары 6G технологиясы енгізілуі мүмкін, қазір бұл бағытта зерттеулер жүргізілуде, – деді Азамат Кенжетайұлы.
Kcell компаниясының өкілі Бақытжан Сандыбаев қоғамда жиі айтылатын радиофобия мәселесіне ерекше тоқталды. Ол базалық станциялардың жұмыс істеу механизмін түсіндіріп, адамдар арасындағы қорқыныштың көбіне мобильді байланыс туралы нақты әрі ғылыми ақпараттың жетіспеуінен туындайтынын айтты. Мысал ретінде арнайы құрылғы арқылы микротолқынды пештен шығатын сәуле деңгейін өлшеп көрсетті.
– Қыс мезгілінде ағаш жапырақтары түскенде сигнал тікелей тарайды, ал жазда жапырақтар белгілі бір кедергі келтіруі мүмкін. Сапалы байланысты қамтамасыз етуге әсер ететін факторлар көп. Солардың бірі – радиофобия. Кейбір тұрғындар сапалы байланыс қажет десе, енді біреулері радиациядан қорқып, қарсы пікір білдіреді. Алайда ұялы байланыс пен интернет радиотолқындар арқылы жұмыс істейді, бұл радиация емес және денсаулыққа зияны жоқ, – деді ол.
Дата-журналистика және жасанды интеллект тренері Асхат Еркімбай жаңалық өндірісін автоматтандыру жолдарына тоқталды. Ол жасанды интеллект құралдарының зерттеу материалдарын күшейту мен фактчекинг жүргізудегі мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушыларға дата-журналистикаға баулитын «Databek» роботы мен «Jas Qazaq» агенті секілді нақты мысалдар ұсынылды.

«Мінбер» қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы телекоммуникация тақырыбын жазудағы журналистік этика мәселелерін көтерді. Ол пресс-релизді көшіріп жазу, сенсация қуалау, манипуляция жасау және реттеуші органдарға жүгінбеу сияқты жиі кездесетін қателіктерге тоқталды. Ал сарапшы Баубек Сағындық контентті әлеуметтік желілерге бейімдеу және мультимедиалық материалдар әзірлеу тәсілдерімен бөлісті.
«Медиа Лаб» сессиясы аясында журналистер жасанды интеллект көмегімен деректер жинау, аудионы мәтінге айналдыру және визуалды контент жасау дағдыларын меңгерді.
Мәулен Әнербай





