«Кең Дала» шаруа қожалығының егін алқабына ене бергенде-ақ техниканың гуілі, жұмысшылардың қарбаласы көзге ұрып тұрды. Бізді қарсы алған шаруашылықтың бас механизаторы Таймыр Маматаев биылғы жоспар, атқарылған жұмыс пен күтілетін нәтижелерді бүкпесіз баяндады.
Айтуынша, қант қызылшасы биыл 150 гектарға егіліп, әр гектардан орташа есеппен 500 центнерге жуық өнім алғанмен көңіл көніштерлік емес. Мұның себебін табиғи ахуалмен байланыстырды.
– Өткен жылмен салыстырғанда өнім көрсеткіші төмен. Оған себеп – ұзаққа созылған аптап ыстық пен су тапшылығы. Соған қарамастан жаз бойы он беске жуық жұмысшы күн-түн демей еңбектенді. Әрқайсысы өз міндетін қалтқысыз атқаруға тырысты, – дейді Таймыр Маматаев.
Алқапта екі комбайн тоқтаусыз жүр. «КамАЗ» бен тракторлар қант қызылшасын сақтайтын орынға тасымалдау жұмыстарына кіріскен.
Мұсабек даласы – бүгінгі аграрлық еңбектің айнасы. Бұл жерде әр қимыл жауапкершілік, әрбір аққан адал тер ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтуге қосылған үлес. Күзгі науқан қарқыны, техника мен қол күшінің үйлесімі, еңбек адамының табандылығы өңірдің нақты дамуын көрсететін өлшем.
Көксу топырағында қызылша терілген сайын тіршіліктің тамыры да тереңдеп, ауылдың ырысы артып келеді. Ал алқаптағы тынымсыз қозғалыстың артында тұтас бір маусымның тағдыры тұр.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





