Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім беру мәселелеріне тоқтала отырып, ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға екенін қадап айтқан болатын. Яғни, көпке үлгі болатын адамдарды, олардың өмір жолын лайықты көрсете алуымыз керек. Осы орайда саяхатшы-географ әрі әдіскер-ғалым, Қаратал ауданының құрметті азаматы, география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев туралы сөз қозғауды жөн санадық.
Орденбек әкесі Мазбаев пен анасы Меруерттің отбасында 1954 жылдың сәуірінде дүниеге келген. Мектеп жасында спортпен шұғылданып, бокс және баскетболдан облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, разрядқа да ие болған. КСРО көлемінде ең үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын Абай атындағы ҚазПИ-де оқып, көптеген танымал педагог-ғалымнан дәріс алды. Олардың дәрістерін ынтамен тыңдап, зерделеп қабылдады. Географиялық тәжірибе барысында КСРО-ның көптеген жерінде болды. 1976 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп, ұстаздық жолын Жамбыл ауданының Фабричный кентіндегі №1 орта мектепте география пәні мұғалімі ретінде бастады.
Фабричный (қазіргі Қарғалы) кентіндегі №1 орта мектептегі Орекеңнің еңбек жолы жайлы әріптесі, жақын досы Исмайлжан Иминов, аталмыш мектептің сол кездегі директоры Құдыс Әбсаметұлы және ұстаздар, ата-аналар ерекше тебірене айтады. Орденбек Білісбекұлының жанында әрдайым оқушылар үйіріліп тұратын. Ол мектепте жас туристер және фото-кино үйірмесін ұйымдастырып, оқушыларды туған өлкесінің табиғатымен таныстырып, оны суреттеуге және аялауға баулыды. Сонымен қатар, балаларға ұжымшылдық пен төзімділікті және табиғаттың қатал да қиын жағдайына төтеп беріп өмір сүруді үйретті.
Өткен ғасырдың 70-жылдарында №1 Қарғалы орта мектебі КСРО аумағындағы ең танымал мектептердің бірі болды. Мектеп директоры Құдыс Әбсеметұлы жас мұғалім Орденбек Мазбаевтың ұйымдастырушылық қабілетіне назар аударып, оны үш жылдан соң директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Сол жылдары аталмыш мектеп әскери-патриоттық тәрбие беруден және туристік-өлкетанушылық жұмыстарды ұйымдастыруда елімізде көшбасшы бола білді. Нәтижесінде Құдыс Әбсеметұлының бұл еңбегі аса жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Бұл орайда Орекең өзінің сол кезде осы ұжымда болғанын және Құдыс ағаның мектебінен өткенін мақтан тұтады.
Орекең ғылым жолын бастау мақсатында 1981 жылы өзі оқыған оқу ордасының жаратылыстану-география факультетінің физикалық география кафедрасында еңбек жолын жалғастырады. Жас ғалымның ғылыммен қолданбалық тұрғыда, яғни туристік-өлкетанушылық бағытта шұғылдануына оның спортпен, әсіресе Қарғалы орта мектебінен бастау алған туризм және автомототуризммен айналысқан кездері үлкен әсер етті. Ұстаздық жұмыспен қатар авто және мототуризм бойынша КСРО чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанды. Ол алғаш рет республикамызда туризм мамандықтарын даярлау бойынша ғылыми тұжырымдама берді. 1993 жылы «Болашақ география мұғалімдерін туристік-өлкетану іс-әрекетін басқаруға дайындау» тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды. Сол кездегі факультет деканы, академик Ә. Бейсенованың ұйымдастыруымен «География-туризм», «География-экология», «География-экономика» қосарлы мамандықтары ашылды. Орекең де өз кезегінде бұған атсалысып, Әлия Сәрсенқызының «Халықаралық туризм» мамандығын ашуына тікелей себепші болды.
Орденбек Білісбекұлы1994 жылы «Халықаралық балалар және жасөспірімдер туризм орталығының» директоры болып тағайындалды. Ол тәлімгер-ұстаз және экскурсовод, гид-нұсқаушы әрі туған өлкенің тарихын жақсы білетін білгір маман ретінде жасөспірімдермен Қазақстанның көптеген жерлеріне жорық жасады. Оның балаларға деген сүйіспеншілігі мен спорттық туризмінің арқасында көптеген ұл-қыз өмірден өз орындарын тауып, Отанымыздың лайықты азаматына айналды.
Кейіпкеріміз 2010 жылы «Қазақстан Республикасындағы туризмді аумақтық дамытудың географиялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. Қазіргі таңда оның оннан астам ғылым кандидаты мен докторы бар «туризм мен география» бойынша өзіндік мектебі қалыптасты. Қазірде ол республикамыздың ЖОО-да география және туризм саласының мамандарын даярлауға атсалысуда. Орекең 660-тан астам жарияланымның авторы. Географ ғалым Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сынды бірқатар шетелдік жетекші жоғары оқу орындарына арнайы шақырылып, онда дәріс оқып жүр. Көптеген жыл «Туризм» кафедрасының меңгерушісі, ал 2008-2013 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «География-экология» факультетінің деканы болды. 2013 жылдың қыркүйек айынан Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физикалық және экономикалық география, туризм кафедраларының профессоры. Бүгінгі күнде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді.
Орекеңнің саяхатшылық өмір белестері де аса қызықты, жалпы алғанда ол 20-ға жуық экспедициялар мен жорықтарға толы. Экспедицияларының ең бір атаулысы – Оңтүстік полюске жасалған «Антарктида экспедициясы». 2011 жылдың қараша-желтоқсан айларында профессор О. Мазбаев аталмыш экспедицияның ғылыми жетекшісі бола отырып, «Қазақ географиялық қоғамының» мүшелерімен алтыншы континентке автокөлікпен барды. Бұл Антарктидаға жасалған ғылыми-зерттеу мақсатында автомобильді пайдаланған алғашқы қазақстандық экспедиция болды. 2011 жылдың 16-шы желтоқсанында олар Оңтүстік полюсте Қазақстанның туын көтерді. Осы тарихи оқиғаны орындау жолында 108 сағат ішінде Орденбек пен оның серіктестері Оңтүстік полюске жетті және бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Орденбек Білісбекұлының әдіскер-ұстаз ретіндегі мол тәжірибесі жас ғалымдар мен мектеп педагогтеріне аса қажетті дүние. осы орайда 70 жастың желкенін керген кейіпкерімізге мерейлі тойының қарсаңында зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілегім келеді. Оқу-ағарту мен білім-ғылым саласындағы ұлағатты еңбегіңіз өз жалғасын таба берсін демекпіз.
Т. УВАЛИЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Жаратылыстану және география»
институты ардагерлер кеңесінің төрағасы, доцент