Күнделікті дастарқанда тұратын тамақтардың қатарында нанның рөлі жоғары. Сондықтан оны кәсіп ретінде пайдаланған кез келген адамның өндірісі ілгерілейтіні анық. Оған Сарқан қаласының тұрғыны Ардақ Нұртемірованың кәсібі дәлел бола алады. Жеке кәсіпкер Ардақ Оралханқызы нан өнімдерін әзірлеу жобасымен мемлекеттен 1 млн. 700 мың теңге грант ұтып алған. Қазіргі таңда шағын наубайхананы жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Ұтып алған қаражат есебінен наубайхана иесі арнайы құрылғылар да сатып алды. Бір мезетте қамыр илейтін құрылғы, нан пісіретін пеш жұмыс істеуге дайын. Мұнда күніне 200-300 дана нан өнімдерін шығару қолға алынбақ. Өз кезегінде наубайхана иесі қала тұрғындарын нан, тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етуді көздейді.
– Биыл мемлекеттен қайтарымсыз грант алып өз кәсібімді бастадым. Өзімнің негізгі мамандығым «аспаз». Нан өнімдерін даярлап, өткізумен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Бала кезімнен отбасымда анамның тәтті өнімдер әзірлегенін көріп өстік. Осы жолы қажетті жоба ретінде шағын наубайхананы ұсындық. Себебі, қасымызда тұрақты тұтынушы ретінде Абай атындағы мектеп-гимназиясы мен коррекциялық кабинет бар. Өнімдеріміз күнбе-күн өтіп жатыр. Жұмысымыз таңғы сағат 5-те басталып, кешкі сағат 18-ге дейін жалғасады. Әзірше нан өнімдерінің 5 түрін өндіріп жатырмыз. Келешекте ісімізді әрі қарай өркендетіп, өнім түрлерін көбейтіп, қосымша жұмысшыларды тұрақты жұмыспен қамтимыз, – дейді шағын кәсіпкер Ардақ Нұртемірова.
Жақсылық ИГІМАН





