Кино және театр актері, режиссер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірден өтті. Бұл туралы 7-su.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белгілі өнер иесінің дүниеден озғаны туралы журналист, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Бауыржан Халиолла Facebook парақшасында жазды.
«Ұлы жүрек тоқтады. Ғасыр адамы – Асанәлі ағаның соңғы сағаты соғыпты…», – деп жазды ол.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Ол – кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор.
Өнер майталманы Қазақ КСР халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980) атақтарына ие болды. Сондай-ақ Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты.
Асанәлі Әшімов ұзақ жылдар бойы Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды. 2017 жылы оған Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.
Асанәлі Әшімовтің қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі орасан. Оның жарқын бейнесі мен шығармашылығы халық жадында мәңгі сақталады.





