ХХ ғасырдың қанды қырғынына айналған ашаршылықпен қабаттаса келген саяси қуғын-сүргін нәубеті күні бүгінге дейін ел жанынан еш өшкен емес. Нақты дерек көздеріне жүгінсек, Кеңес одағы тұсында 60 миллионға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраса, ұлан-ғайыр қазақ даласынан 103 мыңнан астам адам жазықсыз жер аударылып, 25 мыңға тарта азамат өлім жазасына үкім етілген.
Осыған байланысты, елімізде 31 мамыр «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітілсе, 1993 жылы 14 сәуірдегі қабылданған алғашқы заң сол жылдары жазықсыз жәбір көрген жандарды жаппай ақтап алуға мол мүмкіндік берді.
Тарихшылардың дерегінше, қуғын-сүргін кезінде талайлардың өмірін тозаққа айналдырған 953 жаза лагері болған. Олардың алдына бір мезгілде екі миллионға жуық тұтқын қамауға алынған. Соның ішінде аты әлемге әйгілі қинау тәсілдерінен жан түршігетін АЛЖИР және Карлаг сынды түрмелер бар. Мәселен, 1937 жылы бір ғана Ақмола облысының Ақмола ауылында 26 орын болғаны анық. Ал, АЛЖИР-да 8 мыңнан астам зиялы қауым өкілдерінің әйелдері отырғаны анықталған. Сонымен бірге, 600 мыңдай қазақ Ауғанстан, Иран, Қытай асып, жер жүзіне тарыдай шашырап кетсе, 1921-1954 жылдар аралығында ашаршылық пен соғыстан, одан қала берсе, қуғын-сүргіннен 6 миллиондай қазақ көз жұмған. Осылайша халқымыздың біртуар азаматтарының басым көпшілігі қызыл империяның құрығына ілініп, құрбанына айналған. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Магауи Масаншы, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов сынды Алаш арыстары мен белгілі қоғам қайраткерлері бар. Олар ел басына күн туған қиын-қыстау шақта халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт азаттығы жолында өз жанын қиған.
Жетісу Университетінің білікті ұстазы, белгілі ғалым Мұратбек Иманғазиновтің сөзінше, кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы қолдан жасалған ашаршылықпеп қуғын-сүргіннің кесірінен қазақтың тең жарымы қырғынға ұшырап, сан-санақсыз адам туған мекендерін тастап кетуге босып мәжбүр болды. Мұнда «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен дүйім жұрттың кисе киімі, ішсе тамағы болып отырған төрт түлік малы тәркіленді. Бұл туралы нақты мәліметтерде сол тұста жалпы қазақ жеріндегі мал басы 47 миллионды құраса, аз уақыт ішінде яғни ашаршылықтың алғашқы жылы небәрі 4,5 милллионға жуық ғана мал қалған. Ақыры осы қитұрқылықтардан зардап шегіп, аш-жалаңаш күйге түскен жұрттың өлгені өліп, тірі қалғандарына өз елі, өз жері пана болмай, әркім өз басын аман сақтап қалу үшін торғайдай тозып кеткен. Алайда мұндай бассыздыққа төзбеген қазақтың сол тұстағы бетке ұстар азаматтары елдің тұтастығын қорғап, халқының басына төнген қауіп-қатерді сейілту үшін сұрапыл сындарға түскен. Сол себепті олар Кеңес үкіметінің қаһарына ілініп, қас жауына айналып, бірінен соң бірі темір торға тоғытылып, топ-тобымен жер аударылды. Осылайша ашаршылықтан кейін араға бес жыл салып, қалған қазақтың сорпа бетіне шығарларының тұтастай көзін жоюға бағытталған қуғын-сүргін зобалаңы басталған.
– «Аталған бассыздықтар тек осылармен ғана шектеліп қалған жоқ. Қайта, ақтар мен қызылдар болып екіге жарылған Кеңес дәуірінің қол шоқпарлары әрі қарай түске де кірмейтін сұрқиялылықтарды ойлап тауып, зиялы қауым мен олардың отбасы мүшелеріне өздерінің қанды шеңгелін батырып, тұқымын тұздай құртуды мақсат тұтты. Сондықтан да, еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін сол қоғам қайраткерлері мен ұлт жанашырларының ұрпақтары өз ата тегін жасырып, өзге есімдерді қолдануға мәжбүр болды. Қалай дегенмен де күллі қазақты қынадай қырып, қалғанын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келген бұл қитұрқы саясаттың астарында қалған әлі талай ақиқаттың ашылары анық», – дейді профессор Мұратбек Иманғазин.
Айдын КӘЛІМХАН
Фото: el.kz





