Астана мен Талдықорған арасындағы әуе қатынасы жақсара түспек. Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.
Қазіргі таңда аталған бағыт бойынша аптасына төрт рейс орындалып келеді. Мамыр айынан бастап бұл көрсеткіш аптасына бес рейске дейін ұлғайтылмақ. Рейстерді Qazaq Air әуе компаниясы De Havilland Dash-8-Q400 үлгісіндегі ұшақтармен орындайды.
Кездесу барысында тұрғындар бірқатар инфрақұрылымдық мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласының айналма жолын жөндеу жайы сөз болды. Вице-министрдің айтуынша, бұл жобаның қаржыландырылуы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Ақсу мен Жаңалық ауылдарының арасындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Қажетті құжаттар дайындалып, оң сараптама қорытындысы алынған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер басталған.
Жалпы, биыл Жетісу өңірінде жергілікті маңызы бар 337 шақырым жол жөнделмек. Оның 152 шақырымы облыстық, 185 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.
Автомобиль жолдарының тез тозуының алдын алу мақсатында ауыр салмақты көліктерді бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу жүйелері орнатылып жатыр. Қазіргі кезде облыс аумағында осындай 5 құрылғы жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта тағы 8-і орнатылуы жоспарлануда.
«Жетісу-Ақпарат»
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





