Жылқы өсіруге бала кезінен құштар. Алғашында үйдегі бар биені өз төлі есебінен көбейтті. Сөйтіп қорадағы мал 15 басқа жеткенде осы кәсіппен біржолата айналысуды ойлады. Ісіңді жақсы көріп, жан-жақты меңгерсең шаруаң алға жылжитыны белгілі. Кейіннен Талап Нығметбекұлы Қамбаратаның асыл тұқымды төлін көбейтуге бел буды. Ақсу ауылдық округінен «Нығметбек» шаруа қожалығын құрып, «Жабы» тұқымын сатып ала бастады.
Сондай-ақ, «Мұғалжар» тұқымының да үйірін құрды. «Мұғалжар» етті, сүтті бағытта өсіріледі. Оның үстіне қыс бойы жайылып шығады. Жемшөпке шығынданбайды. Тұяғы шөпті тебіндеуге ыңғайлы. Яғни, өсіріп, сатуға болады. Сонымен біраз жылда Талап Нығметбекұлы мал басын 500-ге жеткізді. Биыл селекциялық мақсатта 3 айғыр сатты. Ауылдастары алғандықтан қымбатқа сатпады. Алдағы уақытта құнын көтермекші. Талап Нығметбекұлының қожалығындағы жалпы жер көлемі 950 гектар. Мұнда ол астық та салады. Мал азығын өзінің қарамағындағы жерден жинайды. Қазір төлдету науқаны жүріп жатыр. Талаптың айтуынша, 100 биеден 75-тен құлын алынған. Бұл – текті тұқым үшін жақсы көрсеткіш. Қожалыққа барғанымызда әр үйір бөлек жайылып жүр екен. «Анау ақшыл-сары түсті құлындар асылтұқымды жануардың төлдері. Жылқы жайын білетін адам оның ерекшелігін жақсы біледі. Бұлар біздің жерге жақсы жерсінеді. Тез өсіп-өнеді»,– дейді Талап Нығметбекұлы.
Жылқы өсіруші Талап Нығметбекұлы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның сыртында қазақтың асыл тұқымды жылқысын өсіруге ден қоюда.
Мал – байлық, ырыс көзі. Оның игілігін болашақта барша жұрт көретіні сөзсіз.
Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: Жұмабай МҰСАБЕКОВ





