Талдықорған: +35°C
$ 471.98
€ 543.39
₽ 5.82
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

АТЫ БАР, АДАМЫ ЖОҚ АУЫЛ

29.05.2024
КҮНДЕРЕК
АТЫ БАР, АДАМЫ ЖОҚ АУЫЛ
WhatsAppTelegramFacebook

Облыстық мемлекеттік архивтен Кеңес билігі орнағаннан кейін Жетісу өңіріндегі жер-су атауларын жаппай өзгертуге қатысты құжаттарды қарадық. Сол құжаттардың арасынан «1936 жылы Талдықорған ауданының құрамындағы ұсақ ұжымшарлар ірілендіріліп, оның саны 43 болды» деген дерек кездесті.  Онда елді мекен атаулары орысша, қазақша толық көрсетілген. Сонымен осы атаулар бойынша және олардың бүгінгі жағдайы жайлы зерделей бастадық. Мұндағы орысша елді мекен атаулары тәуелсіздіктен кейін қазақшаға ауыстырылыпты. Мысалы, Тельман – Сырымбет, Буденный –Матай Байысов, Курпская – Бақтыбай Жолбарысұлы ауылы дегендей. Атауы ауыспағаны да  бар. Десе де  осындағы 42 ұжымшар кейін келе әкімшілік бөлініс бойынша Талдықорған қаласы, Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарының құрамына енгенімен бүгінде ауыл немесе ауылдық округтерге қарасты елді мекен ретінде жалғасып келеді. Тек осылардың қатарындағы «Нұра» кеңшарын іздеп таба алмадық. Сонымен «Бұл қалай болды?» деген көкейде қалған бір сұрақтың жауабын білуге біраз уақытымыз кетті.

Олжабай Ізбасарұлының қолжазбасы

«Ел құлағы елу» деген емес пе?! Нұра ауылына қатысты тарихи деректер мол Олжабай Ізбасарұлының қолжазбасын Айман Олжабайқызы сақтап отыр дегенді естіп, Бақтыбай ауылында тұратын апамызды іздеп бардық. 70 жастың бел ортасынан асса да тектілігін жоғалтпапты. Жылышыраймен қарсы алып, әкесінің тірлігінде жиып-теріп кеткен қолжазбасын алдымызға жайып салды.  Оның ішінде Нұра ауылына қатысты деректер тым көп екен.

Атамыздың жазуынша, Нұра ауылы ең алғаш құрылғанда 6 үй болған екен. Олар Малай атасынан тарайтын Қозыбай, Нүсіп, Намазбай, Шора атасынан тарайтын Төтен Бітебаев пен Оспан, Қосы атасынан тарайтын Жайшы мен Қорабай балалары екен. 1922 жылы Ескелді болысы құрылып, алғашқы төрағасы Беке Андасбаев, хатшысы Сіләмжан Мәсәлімұлы болыпты.  Сол тұста болыстықтың құрамында Жылкелдіден тарайтын Ескелдіден 140, Естайдан 40, Қосыдан 70, Досайдан 110, Бектұрғаннан 2 түтін болыпты. Олар Көксу мен Қаратал өзенінің бойындағы елді мекендерге қоныстанып, тіршілігін түтеткен. Өз кезінде Жетісуға қоныстанған елге Ескелді бабамыз жер бөлгенде Нұра ауылының аумағы Байымбеттен тарайтын Қосы атаның балаларына беріліпті.  Өкінішке қарай, 1922 жылғы санақта «ескі Нұра ауылында 70 үй бар» деп көрсетілсе, 2000 жылға келгенде Қосы атадан тараған ұрпақтар 20 түтінге әрең толған. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтіп, қатарымыз көбейгенмен әлі күнге аштықтан бұрынғы адам санына жете алмай отырмыз. Кішкентай ғана Нұра ауылындағы осы жағдай тұтас Қазақстанның аштықтың салдарынан туындаған алапаттың көрінісі іспетті. Осыдан-ақ сол кезде бар қазақтың 60-70 пайызы қырылып қалды деп топшылауға болады. Қазір тәуелсіз ел болып, қазақтың саны өсті дегенмен бір ғасырдың алдындағы деңгейге жеткен жоқпыз.

Оған 1916 жылдардағы Сарқан-Ақсу көтерілісі мен 1918-1919 жылдардағы ақ пен қызыл соғысының зардабы, 1925 – 1929 жылдардағы тәркілеу мен 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде жаппай қырғынға ұшырау және 1937 жылдан басталған саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қудаланудың кесірі, Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, майданнан қайтпай қалғандардың көп болуы себеп болыпты. Бұл Олжабай атаның естелігінде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ендеше, соны тарамақтап түсіндірейік.

Өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі ақ пен қызылдың соғысынан зардап шеккен Сарқандағы ағайынға Нұра ауылындағы Қосы атаның балалары астық пен ет жеткізіп, көп көмек көрсеткен. Бұл туралы Бәтима Ғабитова бір естелігінде: «Аштыққа ұшыраған Садыр-Матай қосшыларын азық-түлікпен, сол кездегі бүлінбеген бүтін ел жалайыр еді қамтамасыз етті» деп жазса, Олжабай Ізбасарұлының дерегінде,  Сарқанға азық-түлік жеткізетін топты бастаған, Ізбасардың қарауында 24 азамат болғаны айтылған. Ақтар мен қызылдардың шабуылына ұшыраған олардың арасынан Мұса Шайшынов, Тәліп Байғұттыұлы, Әубәкір Майшыбекұлы, Зейділбек Меңлібаев қаза болып, артында ұрпағы қалмайды.  Бұл елдің қабырғасын қайыстырған қасіреттің басы еді.

Сол тұстағы Ескелді болысын билеген Аман (1870-1924), Амандос (1876-1929), Қангел Болыспаев (1872-1935) Қосы атаның балалары. Аман болыс 1924 жылы қайтыс болып, Амандос болыс 1929 жылы атылып кетеді. 1931 жылы  «астық жоспарын орындамады» деген сылтаумен  Кеңес билігі Қангел Болысбаевпен бірге 16 адамды жазықсыз соттап, Алматыға әкеліп бір жыл ауыр еңбекке жегеді. Үлкен Ізбасар мен Дәуренбек 50 жаста болса, кішісі Дәуіт 18 жастағы жас жігіт екен. Оның біразы елге аман-есен қайтқаны болмаса, көбінің сүйегі сол жақта қалыпты.

Ел бастаған атпал азаматтары тұтқындалып, Алматыда ауыр еңбекке жегіліп, жігері құм болып жатқанда ауылдағы ағайынның астығы таусылып, егін егетін жері болса да тұқым таппай шарқ ұрып қалады. Бала-шағаны аман алып қалу үшін Қытай аспақ болғанымен ойларын жүзеге асыра алмайды. Байларды тәркілеу басталғанға дейін ескі Нұра ауылындағы 70 түтіннің ең кедейінің өрісінде 50 бас жылқы болыпты. Ол кезде қой мен ешкі, сиыр тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз ететін қосымша түлік саналатын. 1932 жылға келгенде кезіндегі өрісі малға толып тұратын нұралықтардың қолында түгі қалмай жаппай аштықтан қырыла бастайды.

Аштықтың тауқыметін тартқан ескі Нұра ауылының көне жұртына бастап барған, «Чернобль ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хұсайын Мұстафа үлкендерден естіген әңгімесін былай сабақтады:

– 1932 жылға дейін нұралықтар қайтыс болған жақындарын ауылдан 8-10 шақырым жердегі Бақтыбай Жолбарысұлының кесенесі тұрған зиратқа жерлеп келген. 1921 жылы қайтыс болған атам Мұстафа сонда жатыр. 1931 жылдан басталған ашаршылықта өлгендерді ол зиратқа жеткізуге ат-көлік болмағандықтан ауылдың іргесіндегі дөңге жерлеген. Халқымыздың ауылдың іргесіне адам жерлемейтіні белгілі. Алайда бұл шарасыздықтан болған іс еді. Басында әл-қуаты барда мүрделерді дөңнің төбесіне жерлесе, бірте-бірте етегіне әзер жеткізіп, қабыр қазуға әлдері жетпей, жерді шұңқырлап көме салған. Өлікті іргедегі зиратқа жеткізетін адам табылмағанда әрбір үйдің ішінен шұңқыр қазып жерлеген. Ауыл жаппай қырылып қалғанда үйдің қабырғасын құлатып, мүрделерді жасырыпты. Міне, осылай 1-2 жылда ырысы шалқып жатқан Нұра ауылының қаз-қатар тізілген үйлері томпайған-томпайған қабірге айналып, оты мүлдем сөнді.

Аштықтан қырылып қалған ауылдың жұртында тіршіліктің белгісі жоқ. Томпайған, томпайған төбешіктер көзге шалынады (1-сурет). Шаңырағы ортасына түскен ауылдың жұртын бүгінгілер ескі Нұра атап кеткен. Сол күндерді көзбен көрген тірілер болмағанымен аянышты күндердің куәгері болған зираттар бір-біріне қосылып, жүректі сыздатар талай аянышты оқиғаны бауырына басып, бүк түсіп жатыр.

– Әкем Дәуіт Мұстафаұлы 1912 жылы туған. 1931 жылғы тұтқындалғандардың қатарында Алматыға айдалып, жастығы ескеріліп, қамаудан босатылып ауылға келген соң Үштөбеде ашылған жүргізушілер дайындайтын курсқа оқуға түседі. Оқуын бітірген соң күріш егісіне су жеткізу мақсатында қолға алынған канал қазу жұмысына араласады. Ол кезде Үштөбедегі канал құрылысында істегендердің жағдайы жақсы еді. Еңбек ауыр болғанымен қарындары тоқ. Осы кезде әкем ауылдастарының аштық қыспағында қалғанын естіп, шешесіне Үштөбеге келуін өтініп хабар жібереді. 

Сонымен шешесі Үштөбедегі жағдайды көріп, ауылда қалған енесі мен 1918 жылы туған Хамит деген ұлын әкелмек болып жолға шығады. «Елді мекеннен алыс жерлерде жалғыз-жарым адамды ұстап алып, жеп кетіп жатыр» дегенді естіп, сақтанып жүруін тапсырып жолға салады.

Үштөбеден жаяу жолға шыққан кейуана Нұраға жақындағанда кеш батып кетеді. Алайда ертесінде ауылдастары, қолында баласына әкеле жатқан бір тілім наны бар, далада өліп қалған жерінен тауып алады. Сол күні Нұрадағы әжесі де аштықтан қайтыс болыпты. Әлдері жоқ жақындары оларды зиратқа жеткізуге шамасы жетпей сол жерге шұңқыр қазып көмеді. Кейін егіс жыртып жүргендер олардың шашылып қалған сүйектерін жинап, зираттың аяқ жағындағы бір жерге көмеді.

1933 жылы Тұрар Рысқұлов бастаған қазақтың азаматтары Қазақстанда болып жатқан аштық туралы Сталинге хат жазып, нәтижесінде ауылдарға тамақ тарата бастайды. Ауыл-ауылды аралап, тірі қалған балаларды жинап, балалар үйіне өткізеді. Хамит солардың қатарында кетеді. Бірақ осы күнге дейін еш дерек жоқ. Яғни, ішкі Ресейдегі балалар үйіне жеткізіліп, орысша ат берілуі немесе Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болуы мүмкін. Екінші нұсқаның мүмкіндігі көп. Өйткені әкем үнемі: «Соғыста жүрген бір күні екі батальон әскер қарама-қарсы өтіп  бара жатқанда ары жақтағылардың арасынан Хамитті көріп қалдым. «Сен Хамитсың ба?» деп едім, «Иә, менмін» деп жауап берді. Бірақ уақыт тығыз, кездесіп әңгімелесуге мүмкін болмады. Бір-бірімізге қол бұлғап қана кете бердік. Кейін қанша іздестірсем де таба алмадым», – деп айтып отыратын. Өмірде осындай кездейсоқтықтар өте көп кездеседі. Хамит балалар үйіне өткізілгенде 13-14 жастағы ес біліп қалған бала. Егер тірі болғанда ауылын іздеп табар еді. Кейін біз де Хамит деп те, тегі бойынша да іздестірдік. Бірақ табылмады. Демек, «Ресейдегі балалар үйіне жеткізіп, атын орысшалап жіберген» дегеннің де жаны бар. Мұндай жағдай ескі Нұра ауылының әрбір отбасының бәрінде бар, – дейді Хұсайын Дәуітұлы.

Қорымды біз де аралап, сайғаққа жазылған есімдерді оқыдық. Сол қатарда Нұрыш Бақтыбайқызы деген есім көзімізге оттай басылды. «Бақтыбай ақынның қызы осында жатыр екен ғой» дедік іштей (2-сурет). 1934 жылы аштықтан бұратылып шыққан елдің еңсесі қайта көтеріле бастағанда Жетісудың әр түкпіріне тарап аман қалған Қосы атаның ұрпақтары мен Қазақстанның әр түкпірінен көшіп келгендердің басын қосып, ескі Нұрадан 2-3 шақырым жерден «Нұра» ұжымшары ұйымдастырылып, үй салынып, жұрт қоныстанады. Оны жұрт «Жаңа Нұра» деп атап кетті. Оның алғашқы басшысы Жексембай Мәткенов болады. Одан кейінгі 16 жылда 6 басшы ауысты. Кеңшардың тынысы ашыла бастағанда Екінші дүниежүзілік соғыс іліп әкетіп, Қосы атадан 20 адам соғысқа аттанып, соның жетеуі ғана елге оралып, келген соң көп өтпей төртеуі қайтыс болып, тек 3 соғыс ардагері кейінге дейін арамызда жүрді. Демек, аштықтан аман қалғандардың 95 пайызы соғыста қаза тапты. Айта кетерлігі, соғыс жүріп жатқан тұста Ресейден орыс, кәріс, чешен ұлтының өкілдері «Нұра» кеңшарына күшпен көшіліріліп, қатары сиреп қалған елдің саны арта түсті. Дегенмен, олардың да басынан сан тауқымет өтті.

1950 жылы үкімет қаулысымен «Нұра», «Шымыр», «Кемеращы» кеңшарлары ірілендіріліп, «Калинин» деп аталды. Оның бірінші басшысы Сәрсенқұл Сопақов болды. Олжабай Ізбасарұлының есебінше, сол жылдары кеңшарда 115 үй болған, оның 25-і жергілікті, 67-і орыс, чешен, кәріс және басқа ру азаматтары болса, 23 отбасы Ақтөбе облысынан көшіп келгендер еді. 1950 жылдардың соңында Қытайдан келген қандастар да «Нұраға» қоныстанады. Осылай шаруасы қайта шалқи бастаған 1950 жылы қант қызылшасының егіс көлемін ұлғайту деген желеумен «Жаңа Нұраның» тұрғындары «Шымырға» көшіріліп, өндірістік ұжымшар болып құрылды. «Нұра» кеңшардың мыңғырған қойы мен табын-табын сиыры, үйір-үйір жылқысы мал шаруашылығымен айналысатын сол тұстағы «1 май», «Еркін», «Жамбыл» кеңшарларына беріліп, орыс, кәріс, чешен ұлтының өкілдері мен Қосы атаның балалары Талдықорған қаласы, Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарына, бір бөлігі Ақтөбе облысына көшіп кетті. Қалғаны «Шымырға» орнықты. Сонымен «Нұра» екінші рет таратылып, кезіндегі қайнаған тіршіліктен дым қалмады. Тек ескі және жаңа Нұраның аты ұмытылмасын деген жұрт кейін келе Шымыр ауылының бір көшесін Нұра деп атапты (3-сурет).

Нұра ауылынан талай талантты тұлғалар өсіпті. Сол қатарда есімі бүгінгі ұрпаққа мәлім Ескелді би мен құсбегі Шора, Қосы, Досай батырлар, қазақ айтыс өнерінің жампозы Бақтыбай Жолбарысұлы, Аман, Амандос, Қангел болыстар, Алаш зиялыларымен, Ілияс Жансүгіров және Кенен Әзірбаев сияқты қазақтың аймаңдай ұлдарымен сыйласып, саясаттың құрығына ілінген Сейдахмет Қолдасбайұлы, Мәскеу қаласында өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан Нұрсағила Бейсетқызы мен Молбай Қоңырбаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Алтын Жұлдыз» орденінің иегері Нұрғали және Дубек Нұрпейісовтер, қант қызылшасын өркендетуге елеулі үлесі сіңген Жексенбай Ісенбинов, спорт саласында үлкен жетістікке жеткен Қапан Сейсенұлы, ҚР білім беру саласының үздігі Райса Батқалқызы, экономист Қожахмет Тырапұлы, киноактер Совет Кеңесұлы, генерал-майор Сабыр Имандосов, әр саладан шыққан ғалымдар мен білікті азамат-азаматшалар болып жалғаса береді. Осындай санатты адамдар өскен ауылдың айдаладағы төбешік болып қалғаны жүректі сыздатады.

«Тапсырып кет балаңның баласына…»

Ашаршылықтан кейін нұралықтар азаматтарынан айырылып, соғыстың алапатын өткеріп жатса да Қиыр Шығыстан жер аударылып келген кәрістер мен Чешенстаннан күшпен көшірілген чешендерді қанатының астына алып, талай жанның өмірін сақтап қалғанын олардың бүгінгі ұрпақтары ұмытпайды. Осындай естеліктің бірін «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Райса Батқалқызы айтып берді.

 – 1947 жылы Нұра ауылында тудым. Әкем Батқал Қолдасбаев Ұлы Отан соғысының ардагері. Чешенстаннан күштеп қоныс аударылған Салгереев әулеті Нұраға келген кезде әкеміз оларға қамқорлық жасап, үй салып беріп, бір күлшені бөліп жеп, аман алып қалады. Кейін тәуелсіздік алған соң ұрпақтары атамекендеріне көшіп кетті. 2019 жылы Салгереевтің ұрпақтарының шақыруымен Чешенстанның Семашки деген ауылына барып қайттым. Бүгінде ұрпақтары өсіп, бір қауым елге айналыпты. Бір ай бойы жандары қалмай құрмет көрсетті. Тіпті, Шешенстанға көшіп барғаннан кейінгі туған балалар аталарымыздың қамқорлығына алғысын жаудырғанда көңілім көтеріліп қалды. Олар: «Қазақ халқынан көрген жанашарлықтың қарымтасын қайтаруды балаңның баласына тапсырып кет» деген аталарының аманатын әлі күнге бойтұмар етіп келе жатқанын айтты. Осы күнге дейін хабарласып тұрамыз, – дейді апамыз.

Ескі Нұра ауылының іргесінен ашаршылық жылы көтерілген бейіттің шығыс жағына сол кезде жер аударылған чешен ұлтының өкілдері жерленіпті. Бүгінгі ұрпақтары шетелде жүрсе де жыл аралатып, аруақтарға келіп, Құран оқып тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, сол зираттың дәл ортасын кесіп өтетін ойылып кеткен жер бедері көзге шалынады. Бұл жаңа Нұрадан Шымырдың іргесіне канал қазуға барып-қайтатын қазақ, орыс, чешен, кәріс еңбеккерлерінің жолы екен. Тегіс жер тоған сияқты болып ойылып қалған. Осыдан-ақ бұл жолмен қаншама адамның жүргенін білуге болады.

Мұны сол кездегі қиындықты еске салып тұру үшін табиғаттың өзі жасаған ескерткіші десек, Шымыр ауылының орталығындағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған шағын ескерткіш бүгінгі ұрпақтың тағзымы (4-сурет). Ол ескерткішке қаржылай қолдау көрсеткен белгілі меценат, «Нам Г. Н» фермасының директоры Герман Нам. Ескерткіш ашаршылық құрбандарына арналғанымен шын мәнінде қазақтардың қамқорлығымен аман қалып, ұрпақ өрбіткен орыс, кәріс, чешен ұлты өкілдерінің қазақ халқының дарқандығына көрсеткен алғысы деуге болады. Бұл туралы алдағы уақытта жазатын боламыз.

Ескелді бидің арманы

Қытайда орта мектепте оқып жүргенде 9-сыныптың әдебиет оқулығының «аңыз-әңгімелер» деген бөлімінде «Тінейдің ақ құсы» деген тақырып өтілетін. Онда қазақтың құсбегілік өнері мен қыран бүркіт баптаудың жолы айтыла келіп: «Ерте, ерте заманда Жалайыр Шора деген құсбегі болыпты, оның өнеріне жердегі аң түгілі  аспанда құс қаймыққан екен. Қыран бүркіттер: «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге қонсам жалайыр Шора алады» деп бірі-біріне мұң шағады», – деп айтылатын. Ұстаздарымыз да бізге жалайыр Шораны аңыз кейіпкер ретінде түсіндіретін. Бала күнімізде санамызға аңыз болып жатталған сол кейіпкердің бүгінде өзім өмір сүріп жатқан өңірде өскен, ұрпақ өрбіткен, қазақ құсбегілік өнерінің алтын қазығын қадаған тарихи тұлға екенін енді біліп отырмын. Әрине, бұл үшін өткен буынды кінәлағым келмейді. Саясаттың салқынын сезініп жүрсе де қазақтың қайсар қасиетін, асыл құндылығын  «майдан қыл суырғандай» тәсілмен аманаттап кетіпті ғой. Осы тұста жыл сайын «Жалайыр Шора» атындағы Құсбегілер сайысын өткізіп, ұлттық өнерді өркендетіп жатқанын айта кеткен жөн.

Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, Ескелді бабамыз Көксу мен Қаратал өзенің арасындағы ырысты жерге елді орнықтырғаннан кейін Қаратал өзенінен тоған тартып, осынау жазыққа егін егіп, диірмен салып, елді отырықшылыққа бейімдеген. Көне диірменнің орны мен 3 ғасыр бұрынғы тоғанның сорабы әлі де бар.

Тілші түйіні:

Мақсатымыз – Нұра ауылында өркенді өмір мен жүректі тебірентер береке-бірліктің болғанын анықтап, елді мекеннің  жойылып кету себебін қарастыру. Ескі Нұра ауылын қайта қалпына келтіре алмаймыз. Бірақ Нұра ауылының ескі жұртына ашаршылық құрбандарының есімі жазылған ескерткіш тұрғызып, аты-жөнін қашап жазуға болмай ма? Олардың тұтас тізімі Айман Олжабайқызының қолындағы Олжабай Ізбасарұлының қолжазбасында тұр.

Айту бізден, атқару ел азаматтарының еншісінде. 

Қажет Андас
Ескелді ауданы
Суреттерді түсірген Руслан Кадыров

 

Қатысты жаңалықтар

Талдықорғанда «Al-Farabi STEM Academy» бастауыш мектебі ашылды

«Мектепке жол» акциясы. 16 750 баланың тізімі жасалды

05.08.2026
ЖИ: Прокуратура қызметкерлері цифрлық әзірлеме ұсынды

ЖИ: Прокуратура қызметкерлері цифрлық әзірлеме ұсынды

05.08.2026
Энергетика секторында ЖИ қалай қолданылады?

Энергетика секторында ЖИ қалай қолданылады?

05.08.2026
Талдықорған жағажайында тәртіп бұзғандар айыппұл арқалады

Талдықорған жағажайында тәртіп бұзғандар айыппұл арқалады

05.08.2026
Талдықорғанда отшашу атқан тұрғын жауапқа тартылды

Талдықорғанда отшашу атқан тұрғын жауапқа тартылды

05.08.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.